Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына – 81 жыл. Айтулы датаға орай Атырау облысы Махамбет ауданына қарасты Бейбарыс ауылындағы жаңа ықшам ауданда үш ардагердің есімі көшелерге берілді. Бұл туралы ауыл әкімі Сейілбек Зұлхашев мәлімдеді.
Оның айтуынша, биыл 400 тұрғынға тегін жер телімі беріліп, аталған аумақта 17 көше қарастырылған. «2025 жылы ҰОС Жеңісінің 80 жылдығына орай ауыл тұрғындарының ұсынысымен жаңа көшелерге ардагерлердің есімдерін беру туралы шешім қабылданған.
Нәтижесінде көшелерге батыр аталарымыз - Тұқпашев Хайрулла, Сайбалиев Сабыр және Кенжеғұлов Зейнештің есімдері берілмек. Бұл бастама - ел үшін ерлік көрсеткен азаматтардың есімін ұрпақ жадында сақтау мақсатында жүзеге асырылуда», - дейді ауыл әкімі.
Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Заманбек Шәкіровтің айтуынша, бұған дейін Жеңістің 80 жылдығына орай Атырау облысында 76 ардагердің есімін көшелерге беру туралы шешім қабылданып, тиісті құжаттар қабылданған болатын. Көше атауын беру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

