Қазіргі ақпараттық қоғамда журналистиканың рөлі ерекше маңызға ие. Ақпарат тарату жылдамдығы артқан сайын, оның жауапкершілігі де арта түсуде. Әсіресе балалар мен кәмелетке толмағандар туралы мәліметтерді жариялау – аса сақтықты талап ететін сала. Өйткені бұл топ қоғамның ең қорғалуға тиіс бөлігі болып саналады және олардың құқықтары заңмен ерекше деңгейде қорғалады.
Қазақстан Республикасында балалардың құқықтарын қорғау бірнеше нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі. Атап айтқанда, «Бала құқықтары туралы» заң, «Масс-медиа туралы» заң, сондай-ақ Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс нормалары маңызды рөл атқарады. Осы заңдар балалардың жеке өміріне қол сұғылмауын қамтамасыз етіп, олардың абыройы мен қадір-қасиетін қорғауға бағытталған.
Сондай-ақ, «Бала құқықтары туралы» заңының 14-бабына сәйкес, әрбір баланың жеке өміріне, жеке және отбасылық құпиясына қол сұғылмауға құқығы бар. Бұл норма журналистер мен медиа өкілдеріне балаларға қатысты кез келген ақпаратты жариялау кезінде аса мұқият болуды міндеттейді. Мысалы, баланың аты-жөні, тұрғылықты мекенжайы, отбасы жағдайы сияқты деректерді рұқсатсыз жариялау заң бұзушылық болып есептеледі.
Сонымен қатар, «Масс-медиа туралы» заңда кәмелетке толмағандарға қатысты ақпаратты тарату кезінде олардың жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін мәліметтерді жариялауға шектеу қойылған. Әсіресе қылмыстық істер, зорлық-зомбылық, суицид немесе басқа да сезімтал тақырыптар қозғалған кезде баланың тұлғасын ашуға болмайды. Мұндай жағдайларда журналистер баланың аты-жөнін толық көрсетпей, жалпылама сипатта беруге міндетті. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 147-бабында жеке өмірге қол сұғу, яғни адамның жеке деректерін заңсыз жинау және тарату үшін жауапкершілік қарастырылған. Егер бұл әрекет кәмелетке толмағандарға қатысты жасалса, оның салдары ауырлай түседі. Сонымен бірге, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте де жеке деректерді қорғау талаптарын бұзғаны үшін айыппұл қарастырылған.
Дегенмен де, жалпы практикада бұл нормалардың сақталмауы жиі кездеседі. Мәселен, жол-көлік оқиғасы туралы жаңалықтарда кейбір ақпарат құралдары зардап шеккен баланың толық аты-жөнін немесе оқитын мектебін көрсетіп жатады. Бұл – заңға қайшы әрекет. Дұрыс тәсіл – «15 жастағы жасөспірім зардап шекті» деп жалпылама ақпарат беруге тиіс.
Оған қоса, тағы бір мысал – зорлық-зомбылық фактілері туралы материалдар. Егер де жәбірленуші бала болса, оның тұлғасын анықтауға мүмкіндік беретін кез келген ақпаратты жариялауға болмайды. Атап айтар болсақ, фото, видео, туыстары туралы мәлімет немесе нақты мекенжайы көрсетілмеуі тиіс. Мұндай талаптар баланың психологиялық жағдайын қорғау үшін қажет.
Ал соңғы жылдары әлеуметтік желілерде мектеп оқушыларының қатысуымен болған түрлі оқиғалардың видеолары жиі таралып жүр. Осындай контенттің көпшілігі кәмелетке толмағандардың немесе олардың ата-аналарының келісімінсіз жарияланады. Бұл тек этикалық тұрғыдан ғана емес, заң тұрғысынан да дұрыс емес.
Журналист тек заң талаптарын орындап қана қоймай, кәсіби этиканы да ұстануы тиіс. Баланың ар-намысына тиетін, оны қоғам алдында ұятқа қалдыратын немесе болашақ өміріне кері әсер ететін ақпараттарды жариялаудан бас тарту – кәсіби жауапкершіліктің маңызды бөлігі. Халықаралық деңгейде де бұл мәселеге ерекше мән беріледі. Оған дәйек, ЮНИСЕФ ұйымы балалар туралы ақпарат таратуда ең алдымен олардың мүддесін қорғау қағидасын ұстануды ұсынады.
Түйіндей айтқанда, балалар мен кәмелетке толмағандар туралы ақпаратты жариялау – тек құқықтық талаптарға бағыну ғана емес, сонымен қатар адамгершілік пен кәсіби мәдениеттің көрсеткіші. Әрбір журналист өз материалын жарияламас бұрын оның балаға тигізетін ықтимал әсерін ескеруі қажет. Заң нормаларын сақтау мен этикалық қағидаларды ұстану – сапалы және жауапты журналистиканың басты негізі.
Әділет ҚАНАТҰЛЫ,
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Журналистика мамандығының 3 курс студенті
Фото: «Freepik» сайтынан алынды

