Атырауда жастарға арналған сурет көрмесі өтті

(0 Votes)

Атырауда Наурызнама онкүндігі аясында жастарға арналған сурет көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Іс-шара мәдениет пен ұлттық дәстүрлер күніне орай өтті. ӨКҚ мәліметінше, жас ұрпақты ұлттық нақыштармен таныстыруды мақсат еткен көрме Batik Kami арт-галереясында өтті. Атырау облыстық Жастар ресурстық орталығы бөлімінің басшысы Гүлназ Арыстанованың айтуынша, көрмеге 30-дан астам студент қатысты.

– Біз бұл іс-шараға арнайы жас жігіттерді шақырдық. Әдетте қазақтың салт-дәстүрлері мен ұлттық құндылықтары көбіне қыз балалармен байланыстырылады. Алайда Наурызнама онкүндігінің басты мақсаты – жас ұрпақтың қазақтың салт-дәстүрін тереңірек танып-білуі, ұлттық құндылықтарды сақтап, жаңғыртуы. Осы күнге орай қалада түрлі көрмелер мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылып жатыр, – деді Г. Арыстанова.

Көрмеде суретші Камила Жапалованың 80-нен астам туындысы ұсынылды. Оның айтуынша, соңғы жылдары жастардың қазақ өнеріне деген қызығушылығы айтарлықтай артып келеді.

– Маған қазақстандық суретшілер мен дизайнерлердің этностильге жиі жүгінетіні ұнайды. Қазақтың ою-өрнектері, ұлттық колориті мен кілемдері кеңінен насихатталып жатыр. Біз шетелдегі көрмелерге қатысып, тәжірибе алмасамыз. Соның арқасында ұлттық өнеріміз дамуын жалғастырып келеді, – деді К. Жапалова.

Көрмені тамашалағаннан кейін қатысушылар үшін сурет салу бойынша шеберлік сабағы өтіп, жастар өздерін суретші ретінде сынап көрді.

Аман ШАМАР

Фото: ӨКҚ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT