Атырауда жасөспірімдер арасындағы қылмыс азайған

(0 Votes)

Атырау облысында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс саны 14,1%-ға төмендеген. Сонымен қатар балаларға қарсы жасалған қылмыстар саны да 19,9%-ға азайған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Қазір өңірде балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығы мен психоәлеуметтік жағдайына бағалау жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта Атырау облысына «PLURICONSULT» халықаралық зерттеу ұйымының сарапшысы Моника Обреджа келді.

1001958518
1001958508

Жұмыс кездесуіне облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов қатысып, зерттеудің мақсаты мен маңызына тоқталды.

Оның айтуынша, зерттеу жүргізу үшін еліміздің батыс өңірінен Атырау облысы таңдалған. Бағалау барысында мемлекеттік бастамалардың тиімділігі зерделеніп, қолданыстағы озық тәжірибелер мен өзекті мәселелер анықталады. Сондай-ақ 2026–2030 жылдарға арналған ұлттық психикалық денсаулық саясатын әзірлеуге ұсынымдар дайындау көзделген.

1001958507

Кездесу барысында облыстық Білім беру басқармасының басшысы Марат Абуов білім беру ұйымдарында балаларға психологиялық көмек көрсету және суицидтің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, балалар 111 бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығына хабарласып, психологиялық көмек ала алады.

Бұдан бөлек, биыл өңірде Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылды. Кездесу кезінде басқарма басшысы Гүлнафис Айшуақова халықаралық сарапшының алдағы жұмыс жоспарымен таныстырды.

Алдағы екі күнде Моника Обреджа Жылыой ауданына барып, білім беру ұйымдарының жұмысымен танысады. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласының мамандарымен кездесіп, балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын сақтау және оларға психологиялық қолдау көрсету тәжірибесін зерделейді.

Майра ЕРҒАЛИ

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT