«КҚК-Қ» компаниясының қызметкерлері мен мердігер ұйымдардың өкілдері балаларымен бірге сенбілікке қатысып, қала сыртындағы «Атырау» мұнай айдау стансасының аумағына 135 ағаш көшетін отырғызды. Олардың қатарында шаған, қайың, үйеңкі және терек бар.
Бұл экологиялық акция компания ұжымы үшін жыл сайынғы дәстүрге айналған. Оның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойына табиғатқа деген қамқорлық пен қоршаған орта алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыру.
Компания қызметкерлерінің айтуынша, 2002 жылдан бері станса аумағындағы 15 гектар жерге 3,5 мың ағаш егілген. Мұнда қарағаштың түрлі сұрыптары мен жеміс ағаштары да өседі.


