Облыста олимпиадалық спорттың 32 түрі дамып келеді. 31 спорт мектебінде 19 мың бала спорттың 21 түрімен айналысуда. Сонымен қатар мемлекеттік-спорттық тапсырыс аясында 20 мың бала тегін секцияларға қатысып жүр,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Олимпиадалық резерв орталығында 285, ал мамандандырылған мектеп-интернатта 200-ден астам спортшы дайындықтан өтуде.
Париж Паралимпиадасына Атырау облысынан 16 спортшы қатысып, паражеңіл атлетика мен паратеннистен ел тарихындағы алғашқы жолдамаларды жеңіп алды. Парадзюдодан екі спортшы қола медаль иеленді.
– Бүгінде облыста олимпиадалық спорт түрлерін дамыту және жоғары нәтижелерге қол жеткізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Спортшыларымыз республикалық және халықаралық жарыстарда жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Алдағы жылы өтетін Азия ойындарына өңірден 20 спортшы үміткер ретінде қарастырылып отыр. Сонымен қатар Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндігі бар спортшыларымыз да бар. Олар рейтингтік жарыстарға қатысып, өз көрсеткіштерін арттыруда. Спорт инфрақұрылымы да тұрақты түрде дамып келеді. Биыл 22 спорт кешенінің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр,- деді Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бөлім басшысы Аманжол Сағынғалиев.
Ұлттық құрама сапындағы атыраулық спортшылар саны да артып келеді. Өткен жылы ұлттық құрамаларда облыстан 188 спортшы болса, осы жылы бұл көрсеткіш 222 спортшыға көбейді.

