Атырау облысында білім беру саласы үшін маңызды әрі мазмұны терең іс-шара ұйымдастырылды. Бүгін өңір ұстаздары Атырау білім саласына өлшеусіз үлес қосқан, «Құрмет» орденінің иегері, Атырау қаласының құрметті азаматы Қадим Оңғарсынұлы Оңғарсыновтың 90 жылдығына арналған «Ұлағатты ұстаз – білікті басшы» атты теориялық-танымдық конференцияға қатысты.
Конференция барысында көрнекті педагогтің өмір жолы мен еңбек жолы жан-жақты таныстырылып, оның педагогикалық тәжірибесі мен басқарушылық қабілеті үлгі ретінде кеңінен насихатталды. Қатысушылар ұстаздың білім беру жүйесін дамытуға қосқан сүбелі үлесін атап өтіп, оның ұстанымдары мен кәсіби қағидаттарының бүгінгі білім саласы үшін маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ жиын аясында білім беру саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, мұғалімдердің кәсіби дамуы, білім сапасын арттыру және заманауи талаптарға сай жұмыс істеу бағытында пікір алмасу өтті.
Мазмұнды кездесулер ұстаздар қауымына ерекше серпін беріп, олардың кәсіби шеберлігін шыңдауға және ұстаздық жолдың маңызын терең түсінуге ықпал етеді.
Осындай тағылымы мол шаралар өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында маңызды рөл атқарады.

