Атырауда Көрісу күніне арналған “Juz be Juz» студенттік кездесуі өтті

(0 Votes)

Өңірде Көрісу күніне орай жастардың басын қосқан тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Ғ. Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында өткен “Juz be Juz (Көрісу)” атты студенттік шараға қаладағы жоғары және техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарының 50-ден астам студенті қатысты.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған іс-шара жастардың өзара танысуына, тәжірибе алмасуына және жаңа әлеуметтік байланыстар орнатуына мүмкіндік берді. Сонымен қатар кездесу олардың мәдени-рухани танымын кеңейтіп, қоғамдық белсенділігін арттыруды көздеді.

Кеш бағдарламасында ұлттық киім киген студенттер өз оқу орындарын таныстырды. Әр оқу орнының өкілдері қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін насихаттай отырып, өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетті.

img 3630

Кездесу барысында шақырылған қонақтар жастарға ақжарма тілектерін білдіріп, ұлттық құндылықтарды құрметтеу мен ел болашағы жолында белсенді болудың маңызын атап өтті.

Шара концерттік бағдарламамен жалғасып, қатысушылар ән айтып, өнерлерін ортаға салды. Достық пен бірлікке толы кеш еркін форматтағы әңгіме-дүкенге ұласып, студенттердің бір-бірімен жақынырақ танысуына мүмкіндік берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастар арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Ал Көрісу күні – адамдардың бір-бірімен қауышып, амандық сұрасып, татулық пен сыйластықты дәріптейтін ерекше дәстүр. Осы мерекеге орай өткен “Juz be Juz (Көрісу)” студенттік кездесуі жастардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырып, рухани байланысты нығайтқан мазмұнды басқосуға айналды.

Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT