Атырауда 12-20 қазан аралығында шахматтан 2026 жылғы Қазақстан кубогының үшінші кезеңі «Atyrau Open 2026» халықаралық турнирі өтеді. Жарыстың кепілдендірілген жүлде қоры 100 мың АҚШ долларын құрайды.
Турнирге 18 елден жиналған шахматшылар, сондай-ақ FIDE туы астында өнер көрсететін спортшылар қатысады. Алдын ала берілген өтінімдерге сәйкес, Masters және Open топтарында 200-ден астам шахматшы бақ сынайды. Masters турниріне бүгінгі таңда Қазақстан, Өзбекстан, Үндістан, Әзербайжан, Армения, Қытай, Иран, Вьетнам, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Швеция, Түркия және басқа да елдердің атынан 122 қатысушы тіркелді.
Бастапқы тізімде бірінші нөмірмен рейтингі 2649 өзбекстандық гроссмейстер Шамсиддин Вохидов тұр. Басқа үміткерлердің арасында үндістандық гроссмейстерлер Леон Люк Мендонка (2629), Миттал Адитья (2621) және Пранав Ананд (2606) бар.
Қазақстан намысын елдің үздік шахматшылары қорғайды. Masters тобына ұлттық құрама мүшелері Денис Махнёв, Қазыбек Нөгербек, Алдияр Ансат және Эдгар Мамедов қатысады. Сондай-ақ жүлделі орындар үшін еліміздің тәжірибелі гроссмейстерлерінің бірі Мұртас Қажғалиев, халықаралық шеберлер Арыстанбек Оразаев пен Иманғали Ақылбай, әйелдер арасындағы гроссмейстер Лия Құрманғалиева және Қазақстанның қолданыстағы чемпионы, әйелдер арасындағы халықаралық шебер Зарина Нұрғалиева бақ сынайды.
Atyrau Open 2026 екі турнирден тұрады: Masters және Open. Жарыс FIDE халықаралық рейтингін есепке ала отырып, швейцариялық жүйе бойынша тоғыз турдан тұрады. Уақыт бақылауы – 90 минут, әрбір жасалған жүріс үшін 30 секунд қосылады.
Atyrau Open 2026 – классикалық шахматтан Қазақстан кубогының үшінші кезеңі. Турнирдің бірінші кезеңі Владимир Дворковичті еске алуға арналған Aktobe Open 2026 маусым айында Ақтөбеде, ал екінші кезеңі Oskemen Open 2026 шілдеде Өскеменде өтті. Кезеңдердің қорытындысы бойынша Қазақстан кубогы финалының қатысушылары анықталады. Финал 1–13 желтоқсан аралығында Астанада өтеді.
Турнирді Атырау облысы әкімдігінің, Атырау облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының, сондай-ақ Freedom компаниялар тобы, Dalaro, KSI PetroGasService, Elevate, BI Group Atyrau және INFINITY компанияларының қолдауымен Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастыруда.
Күні: 12.10.2026
Уақыты: 16:00
Өтетін орны: Әбілқайыр хан даңғылы, 79
Аккредитация: 8 706 69 33 661


