Атырауда арнайы мақсаттағы бөліністер арасында республикалық тактикалық көпсайыс турнирі өтті

(0 Votes)

6–9 маусым аралығында Атырау қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің ауыспалы Кубогына арналған полиция мен Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөліністері арасындағы IV республикалық тактикалық көпсайыс турнирі өтті.

Ауқымды додаға ІІМ-нің «С» қызметі, Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөлімшелері, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің барлық өңірлерінен келген арнайы жасақ қызметкерлері қатысты.

Турнирдің ашылу салтанатына Атырау облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Оңал Бекеев қатысып, жарысқа жиналған командаларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде мұндай сайыстар арнайы мақсаттағы бөліністердің кәсіби даярлығын жетілдіруге, тәжірибе алмасуға және жауынгерлік әзірлікті арттыруға зор мүмкіндік беретінін атап өтті.

Төрт күнге созылған тартысты бәсеке барысында қатысушылар қарумен дәл ату, кедергілер жолағынан өту, арнайы операция элементтерін орындау, штурмдық әрекеттер және зардап шеккендерді эвакуациялау сынды бірқатар күрделі сынақтардан өтті.

 Мұндай жарыстар арнайы мақсаттағы бөлімшелердің кәсіби шеберлігін шыңдап, өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталады. Республикалық турнирдің қорытындысы бойынша І орынды Алматы қаласының командасы иеленді. ІІ орын ІІМ-нің «С» қызметіне бұйырса, ІІІ орынды Қарағанды облысының командасы еншіледі. Жеңімпаздар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің ауыспалы Кубогымен және арнайы марапаттармен наградталды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT