Атырауда Алғыс айту күні ерекше форматта өтті

(0 Votes)

Татулығы тамыр жайған, ынтымағы ұйысқан қасиетті қазақ жерінде көктемнің алғашқы күнінде аталып өтетін 1 наурыз – Алғыс айту күні елдік сананы жаңғыртып, жүректерді жақындататын айрықша сәт.

Бұл күн өткенге — тағзым, бүгінге — шүкір, келешекке сенім ұялатып, мейірім мен ізгілікті ту етеді. Осындай мағыналы да мазмұнды мерекеге арналған Атырау қаласында өткен салтанатты іс-шара барша жұртты бірлік пен бейбітшіліктің, өзара құрмет пен ризашылықтың алтын арқауына тоғыстырды.

Басқосу барысында облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов жиналған жұртты Алғыс айту күнімен құттықтап, облыс әкімінің атынан ыстық ықылас пен жүрекжарды лебіз білдірді. 

-Алғыс айту күні – Қазақстан тағдырын тоғыстырған көпэтносты халықтың ортақ тарихына тағзым ететін, түрлі ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына біріктірген береке-бірлікті дәріптейтін, қайырымдылық пен өзара қолдауды нығайтатын тағылымды күн. Бұл – әрбір азаматтың өзіне көрсетілген қамқорлық пен қолдау үшін шынайы ризашылығын білдіріп, айналасына жылылық сыйлайтын ерекше сәт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біздің бірлігіміз – тәуелсіздігіміздің кепілі» деген қанатты сөзі әр адамның жүрегінде берік орнауы тиіс. Қандай қиын-қыстау кезеңде де ел тағдыры үшін ұйыса білетін халқымыздың ынтымағы мен татулығы – ең қымбат әрі баға жетпес қазына. Берекелі бірлік пен баянды тыныштықты сақтау, қоғамдағы тұрақтылық пен өзара сенімді нығайту – әрбір қазақстандықтың ортақ әрі қасиетті борышы, — деді Ә.Жоламанов.

Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласып, көрермендерге рухани қуаныш сыйлады. Атыраулық өнерпаздар мен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамындағы этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары бір сахнада бас қосып, достық пен татулықтың жарқын үлгісін көрсетті. «Мюзишнс» өнер мектебінің балалар хоры орындаған «Қазақстан – егемен елім» әні көрермендердің елге деген сүйіспеншілігін арттырса, Болат Долдашев, Жәнібек Жәмиев, Серік Әлібеков, Ақбөкен Темір, Нұрлыбек Нажекенов орындаған күй тартыс ұлттық рухты асқақтатты.

Сонымен қатар, «Асау» тобының әуезді поппуриі, «Тхоньиль-Атырау» кәріс этномәдени бірлестігінің «Саранг» хоры орындаған «Мой Казахстан» әні, Нұрсұлтан Медетов пен «Аэлита» спорттық бал-би ансамблінің заманауи қойылымы, Изабелла Галстян мен «Номад» би тобы ұсынған Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ ерке – Жайық» композициясы, Дарья Фаткеева мен «Жем аруы» халықтық би ансамблінің «Мәңгілік ел – Қазақстан» биі көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Ал финалда «Камелия», «Жұлдыз», «Номад», «Санат», «Иверия», «Nam-Son», «Меруерт», «Жем аруы» ансамбльдері орындаған Достық биі көпұлтты еліміздің ынтымағын айшықтай түсті.

Салтанатты кештің соңында Бекет Аманқос, Назгүл Өтепбергенова, Ризабек Серік, Жайна Нұрханова орындаған «Қазақстан» әні мерекенің сәнін айшықтай түсті. 

 Тоғжан ЕРМЕК

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Референдум 2026

Референдум 2026