Облыстық білім беру басқармасының «Таланттарды анықтау және қолдау» орталығының ұйымдастыруымен, облыс әкімдігінің қолдауымен Атырауда тұңғыш рет Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, көрнекті драматург Рахымжан Отарбаевтың 70 жылдығына арналған оқушылар арасындағы шығармашылық байқау – Рахымжан Отарбаев оқулары өтті.

Руханият мерекесіне айналған салтанатты іс-шараға қаламгердің жұбайы Сәуле Жаманбайқызы арнайы қатысып, игі бастаманың мәні туралы ерекше атап өтті.

– Бүгін Атырауда тағылымды іс-шараның тұсауы кесілді. Рахымжан Отарбаев оқуларының тұңғыш рет ұйымдастырылуы – өңір басшылығының ұлттық әдебиет пен мәдениетке деген жанашырлығының айқын көрінісі. Атырау руханиятының асыл қазынасына айналған қаламгер мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіру жолындағы еңбектеріңізге ризашылығымды білдіремін. Осындай тағылымды бастамалар жалғасын табарына сенемін, — деді ол.

Байқау үш бағыт бойынша өрбіді: «Р.Отарбаевтың шығармашылық ғұмыры» тақырыбында прозалық туындыларды жатқа, мәнерлеп оқу; «Айна-ғұмыр» драматургия жанры бойынша жазушы шығармаларынан сахналық қойылым қою; сондай-ақ қаламгер еңбектері негізінде эссе жазу.

Шығармашылық сайысқа өңірдің әр түкпірінен 80-ге жуық оқушы қатысып, өзара бақ сынады. Жас өнерпаздар «Нашақор туралы новелла», «Фариза-Мұқағали», «Мұстафа Шоқай» туындыларынан үзінділерді сахналап, қаламгердің көркемдік әлемін терең сезіне білгендерін көрсетті.

Кеш соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталып, рухани шара әсерлі сәттермен түйінделді. Атыраудағы бұл бастама – ұлт әдебиетінің абыз тұлғасын ұлықтап, жас буынның шығармашылық ізденісіне серпін берген тағылымды жоба ретінде ел жадында қалары сөзсіз.

Мәлике МӘЛІК



