Атырауда Алаш мұрасын зерттеген ғалымның мерейлі белесі аталып өтті

(0 Votes)

Алаш қозғалысының тарихы мен оның қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудағы орны тағы бір мәрте ғылыми тұрғыда сараланды.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өткен халықаралық басқосуда отандық және шетелдік ғалымдар алаштану бағытындағы жаңа деректер мен тың зерттеулерді талқылады. Жиын тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахметтің 60 жас мерейтойымен тұспа-тұс ұйымдастырылды.

 «Алаш қозғалысы және қазақ мемлекеттілігі: жаңа деректер мен зерттеулер» тақырыбындағы ғылыми-практикалық іс-шараға университет оқытушылары, зерттеушілер мен жас ғалымдар қатысты. Басқосудың басты мақсаты – «Алаш» қозғалысының саяси, құқықтық және әлеуметтік-мәдени қызметін ғылыми тұрғыда зерделеп, оның қазақ мемлекеттілігі тарихындағы орнын кеңінен талқылау. Аталған университеттің ректоры Саламат Идрисов өз сөзінде мерейтой иесін құттықтап, Ахмет Аққалидың ғылым мен білім саласына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Ол ғалымның ұлттық тарихты зерттеуге, әсіресе ұлт-азаттық қозғалыс пен алаштану бағытындағы еңбектері ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағаланатынын айтты. Осы орайда мерейтой иесіне университеттің ең жоғары марапаты – Халел Досмұхамедов атындағы төсбелгі табысталып, арнайы құттықтау хат пен естелік сыйлықтар ұсынылды. 

Филология ғылымдарының докторы Қадыр Жүсіп өз сөзінде Алаш қайраткерлерінің мұрасын зерттеу ұлттық сананы жаңғыртуда маңызды рөл атқаратынын айтып, бұл бағыттағы ғылыми жұмыстардың маңызына тоқталды. Ал тарих ғылымдарының докторы Лесқали Бердіғожин ХХ ғасыр басындағы саяси оқиғаларды зерттеу арқылы ұлттық тарихтың көмескі тұстары ашылып келе жатқанын атап өтті. Ол алаштану бағытындағы зерттеулердің алдағы уақытта да жалғасуы қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар Түркия, Қырғызстан және Ресей елдерінен онлайн форматта қосылған ғалымдар да өз пікірлерін білдіріп, Алаш қозғалысының тарихи маңызын жан-жақты талқылады.

Іс-шара соңында мерейтой иесі Аққали Ахмет сөз алып, ғылыми жиынға қатысып, жылы лебіздерін білдірген әріптестері мен қонақтарына алғыс айтты. Ол ұлттық тарихты зерттеу ісі алдағы уақытта да жалғаса беретінін атап өтті. 

Ақбота ЖАЛҒАУОВА

Суреттерді түсірген автор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT