Атырауда 1800-ге жуық педагог біліктілігін арттырды

(0 Votes)

Атырауда жыл басынан бері 1762 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Бұл жоспарланған көрсеткіштің 81 пайызы. Оқыту жұмыстары «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы – Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институтында мемлекеттік тапсырма аясында жүргізілуде, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Кәсіби даму институтының директоры Балауса Жалмұханованың айтуынша, биыл өңір педагогтерін 38 білім беру бағдарламасы бойынша оқыту жоспарланған.

– Курстардың басым бөлігі пәндік бағытқа арналған. Бұл бағытта 17 бағдарлама әзірленді. Сонымен қатар 9 пәнаралық, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект бойынша 4, инклюзивті білім беру бағытында 4, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағыты бойынша 3 және мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға арналған 1 бағдарлама бар, – деді ол.

Бағдарламалар ағылшын тілі, информатика, қазақ және орыс тілі мен әдебиеті, математика, химия, география, биология, физика, көркем еңбек, тарих және құқық негіздері пәндерін қамтиды.

Сонымен қатар педагогтер цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын дербестендірілген оқытуда қолдану, білім беруде ЖИ-модельдерін пайдалану, қаржылық сауаттылықты арттыру, бастауыш сынып оқушыларының цифрлық ортадағы оқу сауаттылығын дамыту бағыттары бойынша білім алады.

– ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы және Ұлттық банк бірлесіп мұғалімдердің қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған бағдарлама әзірледі. Биыл осы бағытта 122 педагогті қамту жоспарланған. Қазір оның алғашқы легі Ұлттық банкте білім алып жатыр, – деді Б. Жалмұханова.

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT