Атырауда дәстүрлі садақ атудан «ALTYN ORDA» әлем кубогінің алғашқы жарыс күні қорытындыланды.
70 метрлік қашықтықтан нысана көздеген сайысқа 18 мемлекеттен келген мергендер қатысып, шешуші кезеңге жолдама алған үздіктер анықталды.
Сайыстың салтанатты ашылуына Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов, орынбасары Дарын Шамұратов, қала әкімі Шәкір Кейкін және спорт қауымдастығының өкілдері қатысты. Өңір басшысы қатысушыларды құттықтап, елдегі дәстүрлі садақ атудың даму қарқынына тоқталды.
«Бүгінде бұл спорт түрімен аймақта 100-ден астам садақшы айналысады. Олардың арасында 2 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 8 Қазақстан Республикасының спорт шебері және 25 спорт шеберіне кандидат бар. Бұл нәтижелер ұлттық спорт мектебінің қалыптасқанын және жаңа чемпиондардың шығуына негіз болатынын көрсетеді», — деді Болат Ақшолақов.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің стадионында өтіп жатқан доданың алғашқы күнінде ерлер мен әйелдер 70 метрлік «Пута» нысанасы бойынша бақ сынасты. Турнирге Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Монғолия, Италия, Өзбекстан, Ұлыбритания, Түркия, Үндістан, Таиланд, Малайзия, Жапония, БАӘ, Иран, Франция және өзге де елдердің спортшылары жиналды.
Алғашқы күннің нәтижелері ерлер арасындағы финалда Рустам Аманғалиев (Қазақстан) пен Алмаз Джунусов (Қырғызстан) кездеседі. Әйелдер арасындағы финал: Айкөркем Батихан (Қазақстан) мен Чолпонай Умуркулова (Қырғызстан) бас жүлдені сарапқа салады. Қола жүлдегерлер: Забит Сатоев (ерлер арасында) және Миляуша Халилова (Ресей, әйелдер арасында). Жарыс барысында Өскеменнен келген Олжас Дүйсупов 1/16 финалға дейін жетіп, алдағы кезеңдерге дайын екенін айтты. Ал Қостанай облысынан келген Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Аруна Сатсапарқызы мен Ресей атынан қатысып жатқан башқұртстандық Азат Ишкильдин де турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Әлем кубогінің тартысты бәсекелері ары қарай жалғасуда.





