“Асыл аналар аманаты”

(0 Votes)

Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияда өткен тағылымға толы рухани кеш осылай аталды.
Іс-шараны облыстық «Асыл мұра» әжелер ұйымы мен гимназия ұжымы бірлесіп ұйымдастырды.

Атауының өзі айтып тұрғандай, аманат сөзі — ұлт үшін қасиетті ұғым. Ал ананың аманаты – тәрбиенің, тектіліктің, сабыр мен мейірімнің аманаты.
Кеш тізгінін ұстаған жүргізушілер ұлттық тәрбиенің мәні туралы толғана сөйлеп, сөзді Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Мәлік Әбілхайыровке берді. Ол өз сөзінде бүгінгі жастардың ұлттық тамырдан ажырамауы үшін осындай тағылымды кездесулердің маңызы зор екенін атап өтті. «Тәрбие тек мектептің емес, тұтас қоғамның міндеті» деген ойы залда отырған көпшіліктің көңілінен шықты.

95e92f31 31bf 4fc6 a3e0 ed05527cb29e

Жиында гимназия оқушылары білім ордасында жүзеге асып жатқан жобаларын таныстырды. Соның бірі – батаны жаттауға бағытталған «Тектілер жолы» жобасы. Оқушылар сахнада бата мәнін түсіндіріп, оның тек сөз емес, ұлттың рухани коды екенін дәлелдеп берді.

Ал кештің шоқтығын биіктеткен жоба – «Генеология» отбасылық ғылыми-зерттеу бастамасы болды. «Жеті атасын білген ер, Жеті жұрттың қамын жер» дегендей, оқушылар өз әулетінің шежіресін зерттеп, жеті ата тарихын зерделеген. Бірі архив ақтарса, бірі ауылдағы қариялардан дерек жинаған.

Жас зерттеушілердің баяндауынан олардың тек дерек жинап қана қоймай, өз тамырына деген жауапкершілікті сезіне бастағаны байқалды. «Менің атам соғысқа қатысқан», «Менің арғы атам би болған», «Біздің әулет ұстаздар әулеті» деген сөздер жасөспірімдердің үнімен айтылғанда, ол жай мақтаныш емес, саналы түйсікке айналғандай әсер қалдырды.

Расында, әжелер ұрпақ жадының шырақшысы. Олар отырғанда шежіре үзілмейді.

Кештің көркемдік бөлігі де шараның мазмұнымен үйлесім тапқан. Бір сахналық қойылымда ана мен бала арасындағы диалог арқылы өмірлік құндылықтар өрілді. Ал енді бір оқушы әжесімен бірге би билеп, көрерменді ерекше сүйсіндірді. Әжелер сахнада жүн иіріп, кесте тігіп, алаша тоқу үлгісін көрсетті. Бұл жай қолөнер емес, сабырдың, төзімнің, ұқыптылықтың сабағы еді. Әрбір қимылынан «Өткенді білмей, болашақ жоқ» деген үн сезілгендей.

Кеш көркін аша түскен сәттердің бірі – ардақты ана, аяулы әже, белгілі әнші Гүлмайдан Сүндетованың орындауындағы ән болды. Оның қоңыр дауысы зал ішін ерекше жылылыққа бөлеп, көптің көңілін тербетті. Ал оқушылар ұсынған әжелер мен аналар бейнесіне арналған фотокөрме шынайы алғыс пен махаббаттың көрінісі.

Жиын соңында игі дәстүрді жалғастыру мақсатында рухани эстафета Д.Байбосынов атындағы №13 мектеп-гимназия ұжымына табысталды.

Майра ЕРҒАЛИ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Референдум 2026

Референдум 2026