7–8 наурыз күндері Түркия Республикасының Анталья қаласында дзюдодан жастар арасында өткен Еуропа кубогінде алтын жүлдеге қол жеткізіп, ел мерейін асқақтатқан спортшымыз Жұмажан Інжуді әуежайдан салтанатты түрде күтіп алу рәсімі өтті.
Халықаралық деңгейдегі беделді жарыста жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстанның көк туын биікке көтерген жас спортшыны Атырау облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының өкілдері, спорт мекемелерінің ұжымдары, жаттықтырушылары, туған-туыстары мен достары зор қошеметпен қарсы алды.
Жеңімпазға алдағы уақытта да толағай табыстар тілеп, спорттағы жаңа белестерді бағындыруына тілектестік білдірілді. Жұмажан Інжудің бұл жеңісі — ел спорты үшін үлкен жетістік әрі жас спортшыларға үлгі боларлық нәтиже.

