Аққыстау ауылында тазалыққа бағытталған тағы бір игі іс қолға алынды. “Таза Қазақстан” бағдарламасы аясында аудан орталығындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны маңында ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, ортақ іске жұмылған жұрт қоршаған ортаны ретке келтіруге белсенді атсалысты.

Сенбілікке ауыл аумағындағы мекемелер мен кәсіпорындардың ұжымдары түгелге жуық қатысып, тазалықты сақтаудың үлгісін көрсетті. Таңсәріден басталған жұмыс барысында аумақ қоқыстан тазартылып, ретке келтірілді. Бірі қолына күрек алса, енді бірі қап көтеріп, әркім өз үлесін қосты. Ұйымшылдық пен жауапкершілік қатар өрілген бұл шара ауыл тұрғындарының ортақ іске бейжай қарамайтынын айқын аңғартты.

Ауыл әкімі Ерболат Махашевтың айтуынша, сенбілікке 14 мекеме, 42 адам және 2 техника жұмылдырылған. Нәтижесінде 2 тоннаға жуық қоқыс жиналып, арнайы орындарға шығарылды.

Әкімнің сөзінше, бұл көрсеткіштер тұрғындардың ортақ іске бейжай қарамайтынын аңғартады.
– Тазалық – тек бір күндік науқан емес, ол күнделікті дағдыға айналуы тиіс. Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасып, ауылымыздың келбетін жақсарта түсуге бағытталады,-деді ол.

Иә, мұндай игі бастамалар жалғасын тапса, ауылдың көркі кіріп, тазалық мәдениеті де нығая түсері анық.
Ж.МАНСЫРОВА

