252 оқушы – «Алтын белгіге» үміткер

(0 Votes)

Облыста оқу жылы қорытындыланып, барлық білім беру ұйымында соңғы қоңырау мерекесі өтті.

Биыл облыстағы 235 орта білім беру ұйымында 154 мыңға жуық оқушы білім алды. Оның ішінде 79 мыңнан астам оқушы қазақ тілінде, 4 мыңнан астамы орыс тілінде, ал 56 мыңнан астамы аралас тілде білім алуда.

Оқу жылын қорытындылау кезеңінде облыс бойынша 9-сыныпты 13 906 оқушы, 11-сыныпты 8 042 түлек тәмамдады. Сонымен қатар 252 оқушы «Алтын белгіге», 445 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер атанып отыр.

Облыс оқушылары республикалық және халықаралық білім додаларында жоғары нәтижелер көрсетті. Халықаралық зияткерлік олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысқан 50 оқушының 28-і жүлделі орын иеленсе, республикалық деңгейдегі байқауларда 306 оқушының 144-і жеңімпаз атанды.

Атырау облысының құрамасы 7-8 сынып оқушыларына арналған республикалық пән олимпиадасында жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша командалық есепте Бас жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ республикалық «Ільяс оқулары» байқауында І орын, ауыл олимпиадасында ІІ орын, «Жарқын болашақ» олимпиадасында командалық ІІ орын иеленді. Ал 9-11 сынып оқушылары арасындағы республикалық олимпиадада жаратылыстану бағыты бойынша ІІІ орынға қол жеткізді.

 Өңір педагогтарының қажырлы еңбегі мен оқушылардың талпынысы білім сапасының артуына оң әсерін тигізіп отыр. Жазғы демалыс кезеңінде облыс бойынша 139 746 оқушыны, яғни балалардың 95 пайызын сауықтыру және демалыс шараларымен қамту жоспарланған. Облыста үш сауықтыру лагері жұмыс жасайды. Ресейдің Железноводск қаласындағы «Қазақстан Геологы» пансионатында арнайы санаттағы отбасылардан шыққан 1530 оқушы демалады.

Индер ауданындағы «Жас Өркен» лагерінде 1008, Махамбет ауданындағы «Арай» лагерінде 420 оқушының жазғы демалысы ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, білім беру ұйымдары жанынан 847 лагерь ашылып, онда 126 мыңнан астам оқушы қамтылады. 120 шатырлы және киіз үй лагерінде 10 мыңнан астам баланың демалысы ұйымдастырылып, 1367 оқушы өзге өңірлердегі лагерьлерге жіберіледі. Аймақта балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі мазмұнды өткізу жұмыстары тұрақты бақылауда.

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT