«Таза Қазақстан» акциясы маған ерекше әсер қалдырды. Себебі бұл тек қоқыс жинау емес, қоғамға пайдалы іс арқылы азаматтық жауапкершілікті сезіну мүмкіндігі. Біз студенттер сенбілікке белсенді қатысып, қоғамдық орындарды тазалауға, ағаш көшеттерін отырғызуға атсалыстық.
Осындай шаралар жастарды еңбекқорлыққа, ұйымшылдыққа және туған жерге жанашыр болуға тәрбиелейді. Әлеуметтік желіде ғана белсенді болмай, нақты іске үлес қосудың маңызын осы акция барысында түсіндік. Бірнеше сағаттың ішінде көшелердің тазарып, айналаның өзгергенін көрудің өзі үлкен мотивация береді.
Құрманғазы ауданында өтіп жатқан сенбіліктерге еріктілердің, жастар ұйымдарының және тұрғындардың көптеп қатысуы — қуанышты жағдай. Бұл бастама экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлкен ықпал етеді деп сенемін. Таза орта — денсаулықтың да, жақсы өмірдің де кепілі.
Диас ҚАЙРАТҰЛЫ, студент
Фото: "gov.kz"

