Референдум қорытындысымен танысқан Мемлекет басшысы: «Біз бір ел болып Заң мен тәртіп сақталатын, жауапты және жасампаз азаматтары бар әділетті қоғам құру жолында маңызды қадам жасадық. Осылайша, бүгін ұлт тарихының жаңа парағын аштық.
Алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Кеше ғана елімізде жалпыхалықтық референдум ойдағыдай өтті. Оған жұртшылық жаппай белсене қатысты. Азаматтарымыз өз таңдауын жасады, халқымыз бір кісідей жаңару мен жаңғыру жолын жақтап дауыс берді. Халқымыз Отанымыздың болашағы үшін өте жауапты сәтте жұмыла еңбек етті, ортақ іске орасан зор үлес қосты» деген болатын.
Құрманғазылықтар да қоғам үшін маңызды сәтке ерекше түсіністікпен қарап, өз таңдауларын жасауға белсене атсалысты. Ауданымызда республикалық референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ашық әрі әділ жағдайда өткеніне куәміз. Мен таңғы 7-де барып, аудан орталығындағы №170 референдум учаскесінде байқаушы ретінде қатыстым. Учаске төрағасы Нұрхат Қатауов дауыс беруге келушілерді ерекше ілтипатпен құрметпен қарсылады. Ауылдастарым өз тарапынан азаматтық ұстанымдарын айқын көрсетті. Түске дейін-ақ өз таңдауын жасаушылардың қарасы ұлғайып шыға келді. Айта кетер жайт референдум учаскелерінде барлық қажетті жағдай жасалып, дауыс беру үдерісі заң талаптарына сәйкес жүргізілді. Байқаушылар мен комиссия мүшелері жұмысты үйлесімді атқарып, сайлаудың тәртіппен өтуіне ықпал етті.
Exit Poll нәтижелері де тұрғындардың белсенділігін айқындап отыр. Атап айтқанда, Еуразиялық Интеграция институтының зерттеу қорытындысы бойынша дауыс беруге қатысу көрсеткіші 86,7 пайызды құрады. Ал «СОЦИС-А» кешенді әлеуметтік зерттеулер институтының мәліметі бойынша бұл көрсеткіш 87,4 пайызға жетті. Сонымен қатар, Қоғамдық саясат институты жүргізген Exit Poll нәтижесінде қатысу деңгейі 88,6 пайыз болды. Бұл деректер халқымыздың саяси науқандарға бейжай қарамайтынын, елдің болашағына үлкен жауапкершілік танытты. Тұрғындардың белсенді қатысуы азаматтық қоғамның дамып келе жатқанын және халықтың мемлекеттегі маңызды шешімдерге өз үлесін қосуға дайын екенін аңғартады. Мұндай көрсеткіштер аудан тұрғындарының бірлігі мен жауапкершілігін, сондай-ақ қоғамдық-саяси процестерге деген қызығушылығын айқын дәлелдейді.
Референдумға «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» осындай ұйымшылдықпен қатысып жатқан қазақстандықтардың болашағы жарқын боларына сенімдімін.
Қанат ҒҰМАРОВ

