Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасына қатысты тапсырмасы – Қазақстанның цифрлық дамуындағы стратегиялық қадамдардың бірі. Бүгінде деректер мен есептеу қуаты мұнай немесе логистика секілді маңызды ресурсқа айналып отыр. Сондықтан дата-орталықтарды дамыту – тек технологиялық жаңғыру ғана емес, ұлттық қауіпсіздік пен тәуелсіздіктің де кепілі.
Президент атап өткендей, жасанды интеллект пен «бұлтты» технологияларға негізделген инфрақұрылым қалыптастыру – ел экономикасын жаңа деңгейге көтеретін басты факторлардың бірі. Мұндай орталықтар отандық кәсіпкерлер мен ғалымдарға кең мүмкіндік беріп, инновациялық экожүйенің дамуына серпін береді.
Сонымен қатар, киберқауіпсіздік мәселесіне ерекше мән берілуі – өте орынды. Себебі цифрлық инфрақұрылым қаншалықты дамығанымен, оның қауіпсіздігі қамтамасыз етілмесе, кез келген жүйе осал болмақ. Бұл ретте дербес деректерді қорғау, халықаралық стандарттарды сақтау және ұлттық мүддені ескеру – басты басымдықтардың бірі.
Жалпы, «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасы сәтті жүзеге асса, Қазақстанның Орталық Азиядағы цифрлық хаб ретіндегі рөлі айқындала түспек. Бұл – елдің жаһандық технологиялық кеңістіктегі орнын нығайтуға бағытталған маңызды бастама.
-Ақбота Абатқызы, журналист

