Темекінің ағзаға әсері

(0 Votes)

Қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі шылым шегушіліктің кең таралуы болып отыр. Бұл мәселе әсіресе жасөспірімдер арасында алаңдаушылық туғызады.

Өйткені мектеп жасындағы балалардың денсаулығы – ел болашағының кепілі. Сондықтан білім беру ұйымдарында «Никотин мен темекіге жол жоқ» қағидасын қалыптастыру маңызды. Никотин – темекі құрамындағы негізгі улы заттардың бірі. Ол адам ағзасына тез сіңіп, тәуелділік тудырады. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, никотин миға бірнеше секунд ішінде жетіп, адамның жүйке жүйесіне әсер етеді. Ол ми қызметін, есте сақтау мен зейін қою қабілеттерін әлсіретеді.

Темекі тарту қан қысымын көтеріп, жүрек соғуын жиілетеді. Ұзақ уақыт қолдану инфаркт пен инсульт қаупін арттырады. Ал оның түтіні өкпені зақымдап, бронхит, астма сияқты ауруларға әкеледі. Сонымен қатар өкпе қатерлі ісігінің негізгі себептерінің бірі болып табылады. Темекі құрамында жеті мыңнан астам химиялық зат бар, олардың көпшілігі канцерогендер. Бұл заттар адам ағзасында қатерлі ісіктің дамуына ықпал етеді. Темекі шекпейтін адамның қасында болғандар да пассивті шылым шегушілер қатарына жатқызылып түтін арқылы зиян көреді. Әсіресе балалар үшін бұл өте қауіпті. 2025 жылғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда ересек халықтың шамамен 16–20 пайызы темекі шегеді. Бұл дегеніміз – елдегі әрбір бесінші адам никотин өнімдерін қолданады деген сөз. Жалпы саны бойынша есептегенде, шамамен 2,8–2,9 миллион адам темекі тұтынушы болып табылады. Бұл көрсеткіштер темекіге тәуелділіктің әлі де кең таралғанын және алдын алу шараларын күшейту қажеттігін көрсетеді.

Сарапшылардың мәліметінше, темекі елдегі барлық өлімнің шамамен 13 пайызына себеп болады. Жыл сайын 15 мыңнан астам адам темекінің салдарынан көз жұмады. Жасөспірімдер арасында темекі шегу деңгейі салыстырмалы түрде төмен болғанымен, бұл мәселе ерекше назар аударуды қажет етеді. 10–14 жас аралығындағы балалардың шамамен 2–3 пайызы темекі қолданады. 

Ең қауіптісі – жас кезде басталған әдеттің тез тәуелділікке айналуы. Никотин жас ағзаға қатты әсер етіп, болашақта түрлі аурулардың пайда болуына себеп болады. Шылымға әуес балада оған ерте тәуелділік қалыптасып, психологиялық өзгерістер орын алады. Оқу үлгерімінің төмендеп, болашақта созылмалы аурулардың пайда болуына әкеледі. Никотин мен темекі – адам денсаулығына үлкен қауіп төндіретін факторлардың бірі. Оның зияны тек жеке адамға ғана емес, бүкіл қоғамға әсер етеді. 

Дүниежүзілік және Қазақстандағы статистика темекі тұтынудың әлі де жоғары екенін көрсетіп отыр. Сондықтан мектептерде темекіге қарсы мәдениетті қалыптастыру, алдын алу жұмыстарын күшейту және салауатты өмір салтын насихаттау – маңызды міндет. Әрбір жас өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, зиянды әдеттерден бас тартқанда ғана біз дені сау ұрпақ тәрбиелей аламыз. 

Болған АБИЛОВА,

аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысының міндетін атқарушы

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT