Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл – уақытша науқан емес, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет.
«Тазалық – саулық негізі» демекші, оның адамның өмір сапасын жақсартуға қаншалықты пайдасы бар екені баршамызға белгілі. Дегенмен, осыны біле тұра табалдырықтан басталатын тазалықты қоршаған ортада сақтай бермейміз. Ол біздің әлі де мәдениетіміздің төмендігін, санамыздың, жанымыздың рухани таза еместігін білдіреді. Ауылдың келісті келбетінің ажарын ашатын тек сәулетті ғимараттар мен гүлзарлар ғана емес, бірінші кезекте, оның тазалығында екенін ескере жүрмейміз. Ал, тазалық – әр табалдырықтан, әрбір ауладан, отбасыдан басталады. Шыны керек, көктем шықса қыстай жиналған күл-күбірден тазарту, ала жаздай қоқыспен алысу, қоңыр күзде дейін күресу өмірі бітпейтін тірлік екені сөзсіз. Оның міндеті мен ауыртпалығын ақылы қызметтегі азаматтарға ысырып тастау қисынға келмейді. Әрбір тұрғынның туған өлкеге деген жанашырлық пен сүйіспеншілігі болуы керек. Сондықтан ортақ істі тек санаулы адамдарға ғана арқалатпай, ауылдың тазалығына ортақтасатын кез келді. Ең болмаса үйдің сырты мен аула тазалығына мән берсек, мүмкін болса көшеге де көз тастап қою нағыз азаматтық іс болар еді. Елді мекендердің әрбір тұрғынына аулаларын таза ұстау, тұрғын үйдің сырт келбетін, қоршауларын жөндеу, сырлау әктеу сияқты санитарлық тазалық жұмстарын жүргізу қажет деген ойдамын. Ауылдың тазалығы – баршаға ортақ іс. Оған тек жауапты мекеме қызметкерлері ғана емес, ауыл тұрғындары да атсалысқаны абзал.
Жалпы, ауылдағы тазалық жұмыстарын жоққа шығарғымыз келмейді. Бірақ әлі де жұмысты ширатып, атқарылар істің бар екенін айтқымыз келеді. Ауылдың тазалығына, көркеюіне құрманғазылықтар біркісідей атсалысса құба-құп.
Шапағат ӘУБЕКЕРҰЛЫ,
ауыл тұрғыны

