ҚАЗАҚ ДАНАЛЫҒЫНДА «ТАЗАЛЫҚ – САУЛЫҚ НЕГІЗІ, САУЛЫҚ – БАЙЛЫҚ НЕГІЗІ» ДЕГЕН ҚАНАТТЫ СӨЗ БАР. ҚОРШАҒАН ОРТА ТАЗАЛЫҒЫ ТЕК ТАБИҒАТТЫҢ ҒАНА ЕМЕС, АДАМ ӨМІРІНІҢ САПАСЫН ЖАҚСАРТАТЫН МАҢЫЗДЫ ФАКТОР БОЛЫП ТАБЫЛАДЫ. СОНДЫҚТАН ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ МЕН ТАЗАЛЫҚТЫ САҚТАУДА ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ АСА МАҢЫЗДЫ. МЕМЛЕКЕТІМІЗ ЭКОЛОГИЯНЫ ҚОРҒАУҒА ЖӘНЕ ТАБИҒАТ РЕСУРСТАРЫН ҰТЫМДЫ ПАЙДАЛАНУҒА ЕРЕКШЕ НАЗАР АУДАРЫП, ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАП КЕЛЕДІ. «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ 2024 ЖЫЛДЫҢ КӨКТЕМІНДЕ ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ҰСЫНЫСЫМЕН БАСТАУ АЛЫП, БҮКІЛ ЕЛ АУМАҒЫНДА ЖАЛҒАСҚАН КЕҢ АУҚЫМДЫ ШАРАҒА АЙНАЛДЫ. ЖАҢАДАН ҚАБЫЛДАНҒАН АТА ЗАҢЫМЫЗДА ДА БЕЛГІЛЕНДІ.
Акция алғашқы жылдан-ақ оң өзгерістерге нық қадам басып, нәтижесінде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Оған қолға алынған ауқымды істеріміз куә. Жаппай халықтық қолдаудың нәтижесінде жүздеген мың аула мен көшелер тазарып, еліміздің түкпіртүкпірінде өткізілген сенбіліктерде тұрмыстық қалдықтар, пластик және өзге де қоқыс түрлері полигондарға шығарылып, бұрынғы бейберекет шашылған қоқыс үйінділері жойылды. Бұл халқымыздың «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген тәмсілінің жүзеге асуының айқын көрінісі. Қоршаған ортаны қорғау – әрбір азаматтың перзенттік парызы.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы – ел болашағына, табиғаттың тұма тазалығына бейжай қарамайтын жандардың нағыз бірлік пен белсенділіктің үлгісін көрсететін ауқымды шара. Соның ішінде ауданда қолға алынған жұмыстар айтарлықтай ауқымды әрі жүйелі сипатқа ие. «Таза Қазақстан» акциясы экологиялық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті дамытуда үлкен рөл атқарады.
Экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған берекелі бастамаға туған жердің нағыз патриоттары – ерікті жастар мен мекеме-ұжымдар қызметкерлері үн қосып келеді. Бұл игілікті істен ауыл тұрғындары да шет қалған емес. Өңірімізді көгалдандыру мен абаттандыру, көшет ағаштарын отырғызып, жасыл аймаққа айналдыру бағытындағы шаралар игі дәстүрімізге айналды.
Мемлекет пен қоғамның бірлесе отырып атқарған жұмыстары экологиялық ахуалды жақсартуға септігін тигізіп, халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға үлкен ықпал етті.
Экологиялық іс-шаралар жоспары түрлі кезең мен тақырыпқа бөлініп, нақты бағыттар бойынша жүзеге асырылып отырылады.
Әр ауылдық округте «Таза ауыл – таза аймақ», «Таза жағалаулар», «Жасыл аула», «Өз ағашыңды отырғыз», «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» сияқты атаулармен сенбілік, бейсенбіліктер қолға алынды. Оның шеңберінде әр апта сайын аудандағы мектеп, балабақша, аурухана, ауыл әкімдіктері мен еңбек ұжымдары жұмыла әрекет етіп, бекітілген аумақтарды тазарту, арамшөп жұлу, қоршауларды ақтап-сырлау, тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстарымен айналысты. Табиғатты қорғау мен экологиялық мәселелер тек мемлекеттік шаралармен шектелмейді. Бұл–әрбір азаматтың міндеті. Себебі қоғам болып бірігіп, экологиялық мәселелерді шешуге атсалысқанда ғана елімізде экологиялық ахуал жақсарып, болашақ ұрпаққа таза және қауіпсіз орта қалдыра аламыз.
«Тазалық табалдырықтан басталады» демекші, қазіргі талап бойынша ауыл тұрғындары өз аулаларынан бөлек шарбақ сыртының бес метрдей аумағының күл-қоқыстан таза, арам шөптерден ада, бөгде заттарды жанама қоймауға міндетті. Соны ескергеніміз абзал, бұл шарт орындалмаған жағдайда айыппұлдар мен әкімшілік жауапкершіліктер қарастырылғанын ескерткім келеді.
«Таза Қазақстан» – жай ғана экологиялық акция емес, бұл – болашаққа бағдар, табиғатқа тағзым, елге деген ерен жауапкершіліктің нақты көрінісі. Бұл – игі іске ел болып жұмыла кірісудің, бірліктің, ұлт болашағына бейжай қарамаудың дәлелі. Табиғатты қорғау – бүгінгі ұрпақтың міндеті, ал оны келер ұрпаққа таза күйінде табыстау – тарихи аманат.
Айбек МЕЙІРМАН


