Балалар арасында суицид азаймауда Бұрын бала өзіне-өзі қол жұмсапты дегенді ілеуде бір естуші едік. Балалық шағымызда, Кеңес Одағы тұсында да буллинг болды.
Ол кезде аудандық кәсіптік-техникалық училищеге жан-жақтан қатынап оқитын балалар аудан орталығындағы автобекеттен (қазіргі «Қазақтелеком» ғимараты) автобусқа отыратын. Сол жерде Ганюшкиннің балалары басқа жақтан келіп, үйіне қайтайын деп тұрған қатарластарын және өздерінен кішілерді қорқытып тиын сұрайтын. Бермесе ұрады. Бірақ, ешкім сол үшін өзіне қол жұмсап, суицидке бармайтын. Мектептерде буллинг мүлдем кездеспейтін. Қазір мектеп инспекторлары бар, сонда да тыйылмай тұр. Оның бір себебі әлеуметтік желілердің де жылдам дамуы шығар. Көп ата-аналар жасөспірімнің телефонмен қайда кіріп отырғанын бақылай бермейді. Содан келіп соңында аһ ұрады.
Жасыратыны жоқ қазір Қазақстанда жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауына қатысты жағдай алаңдатарлық, 2025 жылы 199 кәмелетке толмаған бала суицидтен көз жұмған, ал жүздеген жасөспірім сондай әрекетке барып аман қалған. Жаңа мемлекеттік бастамалардың іске қосылуына және өңірлерде психологиялық қолдау орталықтарының дамуына қарамастан, Қазақстанда балалар суицидінің жоғары деңгейі тұрақты түрде сақталуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 13,7% - ға өскен. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, өткен жылы 199 бала мен жасөспірім қаза тауып, тағы 405 кәмелетке толмаған өз-өзіне қол жұмсамақ болған. 2026 жылдың алғашқы үш айында жағдай өзгерген жоқ, 52 өлім және 92 әрекет тіркелген. Соңғы жылдардағы динамика мәселенің іс жүзінде төмендемегенін көрсетті. Сарапшылар мұны түрлі себептермен, соның ішінде отбасылардағы жағдаймен де байланыстырады. Сауалнамаларға сәйкес, респонденттердің шамамен 37% - ы балалық шағында ересектердің физикалық немесе психологиялық зорлық-зомбылығына тап болған айтқан. Бұл ретте олардың 10% - дан астамы суицидтік ойларды бастан өткергенін немесе өмірмен есеп айырысуға әрекет жасағанын мойындайды. Балалар арасындағы суицидтің 2020 жылы 144-і өліммен аяқталса, 307-сі аман қалған. Ең ауыры 2023 жылға тиесілі, 204-і өліп, 376-сы аман қалған екен.
Соңғы жартыжылдықтағы талдау буллингтің кәмелетке толмағандардың психикалық денсаулығына ауыр зардаптармен байланысын тіркейді. ҚР ІІМ министрінің орынбасары Санжар Әділовтың айтуынша суицидке апаратын буллинг негізгі фактор болып саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросы дайындаған және 2025 жылғы деректермен жаңартылған «Мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы» атты жеке зерттеу көрсеткендей, 11-15 жас аралығындағы қазақстандық жасөспірімдердің 13%-ы кибербуллингке, 7 пайызы дәстүрлі мектеп буллингіне ұшыраған және әрбір 13-і физикалық төбелеске қатысқан. Ұлдар арасында кибербуллингтің үлесі жоғары 15, ал қыздар арасында 12 пайыз.
Бұл деректер цифрлық ортада қорқыту көріністерінің өсуін және онлайн платформалардың анонимділігі жағдайында агрессия сипатының өзгеруін көрсетеді. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2025 жылғы мәліметінше балалардың 17,5 пайызы мезгіл-мезгіл буллингке ұшырайды, ал 6,8 пайызы айына 2-3 рет мұны басынан өткізеді. Министрліктің мәлімдеуінше соңғы жылдары 11 жастағы құрбан болғандар саны 17,7 пайызға жетеді және 15 жасқа толғандар арасында суицид 14 пайызға дейін төмендеген.
Бала – біздің болашағымыз. Сондықтан оның ғұмыры ерте үзілмеуі үшін дұрыс тәрбиелеуге көңіл бөлген жөн. Мұны ұрып-соғып қорқытып емес, ақылмен жасасақ бала қандай қиындықтан да шығуға болатынын ұғып, суицидке бармасы анық.
Қанат ҒҰМАРОВ


