ҚАЗІРГІ ТАҢДА ЕЛІМІЗДЕ «АДАМ САУДАСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚПАРАТТЫҚ НАУҚАНЫ ӨТКІЗІЛУДЕ. НАУҚАННЫҢ МАҚСАТЫ – АДАМ САУДАСЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ, ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ ЖӘНЕ ҚОҒАМ НАЗАРЫН ОСЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕГЕ АУДАРУ. АДАМ САУДАСЫ – АДАМДЫ АЛДАУ, КҮШ ҚОЛДАНУ, ҚОРҚЫТУ НЕМЕСЕ ОСАЛ ЖАҒДАЙЫН ПАЙДАЛАНУ АРҚЫЛЫ ҚАНАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН АУЫР ҚЫЛМЫС. ОНЫҢ ҚҰРБАНЫ КЕЗ КЕЛГЕН АДАМ БОЛУЫ МҮМКІН.
Жаз мезгілінде көптеген оқушылар мен жастар жоғары оқу орындарына құжат тапсыру, жұмысқа орналасу немесе демалу мақсатында ірі қалаларға барады. Осындай кезде қауіпсіздік ережелерін сақтау аса маңызды. Өкінішке қарай, алаяқтар әлеуметтік желілерде немесе түрлі интернет платформаларында жоғары жалақы, тегін жатын орын, жол ақысын төлеу сияқты жалған уәделер беріп, жастарды алдап соғуға тырысады. Сондықтан кез келген жұмыс ұсынысын мұқият тексеріп, ресми еңбек шарты жасалмаған жұмысқа келіспеген жөн. Қалаға сапарға шықпас бұрын қайда баратыныңызды, кіммен кездесетініңізді және қай жерде болатыныңызды міндетті түрде ата-анаңызға немесе жақындарыңызға хабарлаңыз.
Жеке куәлік, банк картасы және басқа да құжаттарыңызды бөгде адамдарға бермеңіз. Бейтаныс адамдардың көлігіне отырмаңыз, олардың айтқанына еріп, белгісіз мекенжайларға барудан сақ болыңыз. Кез келген күмәнді жағдайда көмек сұраудан тартынбаңыз. Ата-аналар да балаларының қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуі қажет. Балаларыңыздың кіммен бірге жүргенін, қайда баратынын, кіммен байланыста екенін біліп отырыңыздар.
Интернет арқылы келген күмәнді ұсыныстар туралы балалармен ашық сөйлесіп, олардың сақтық шараларын сақтауына бағыт-бағдар беріңіздер. Құрметті аудан тұрғындары! Жеңіл табысқа қызықпаңыздар, тек ресми және сенімді ақпаратқа сүйеніңіздер. Егер күмәнді жағдайға тап болсаңыздар немесе адам саудасына қатысты заңсыз әрекеттер туралы ақпарат білсеңіздер, бірден құқық қорғау органдарына хабарласыңыздар.
Есіңізде болсын: адам саудасының алдын алу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Өз қауіпсіздігіңізге бейжай қарамаңыз, жақындарыңызға қамқор болып, сақтық шараларын сақтаңыз. Қауіп төнген жағдайда 102 полиция қызметіне немесе 111 бірыңғай сенім телефонына хабарласыңыз.
Жігер ЖАНҚАНОВ,
аудандық білім бөлімінің басшысы


