Аудандық балалар кітапханасында аудандық Отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен “Неке – келісім, мәжбүрлеу – қылмыс!” тақырыбында құқық қорғау органдары қызметкерлері және аудандық аналар кеңесінің қатысуымен тегін құқықтық кеңес беру және ашық диалог алаңы өткізілді.
Іс-шараға аудандық ішкі саясат бөлімі, аудандық балалар кітапханасының ұжымы, аналар кеңесінің мүшелері, Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінің студенттері және Орталық қызметкерлері мен оның сүйемелдеуіндегі аналар қатысты. Мақсаты – мәжбүрлі некенің заңға қарсы екенін түсіндіру, зорлық-зомбылықтың алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Атырау облыстық мәслихат депутаты, аудандық аналар кеңесінің мүшесі, аудандық Отбасын қолдау орталығының бөлім басшысы- Зәмзагүл Оңдасынқызы шараның шымылдығын ашып, мәні мен маңызына тоқталды . Спикерлер қатысушыларға тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері, сталкингтің құқықтық анықтамасы, алимент алу мәселелері, отбасы тәрбиесі мен рухани құндылықтар жайлы кеңестер берді.
Аудандық прокуратураның прокуроры, әділет кеңесшісі-Аянбек Әділбекұлы сталкингтің құқықтық анықтамасы мен жауапкершілігі туралы айтып, заң аясында әрекет ету жолдарын да айтып өтті. Полиция капитаны Карима Нұрланбекқызы: “Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу-әр адамның міндеті. Егер қорқыту немесе қысым байқасаңыз, заң аясында әрекет ету керек. Өз құқықтың талаптарыңызды білу-қауіпсіздіктің кепілі”-деп түсіндірді. Онымен қоса, елімізде орын алған тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша болған оқиғаларды да атап өтті.
Қатысушыларға тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері мен оны қалай болдырмау керектігі жайлы құнды кеңестер берілді. Атырау облыстық адвокаттар алқасының адвокаты, Аналар кеңесінің және Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Ұлмекен Қибатоллақызы зайға қайшы әрекет-мәжбүрлі некеден қорғану және өз құқығын білу жөнінде кеңінен тарқатты.
Мәмілелерді мәжбүрлеп орындау аумақтық бөлімінің басшысы және сот орындаушылары – Жанар Өмірзахқызы мен Зоя Саламатқызы алимент ендірудегі жиі кездесетін түйткілдерді ашып айтты. Алимент алу процесінде ең жиі кездесетін қиындықтар-құжаттардың дұрыс болмауы немесе заңдық әрекет жолдарын білмеу. Осы мәселе бойынша қатысушылар жеке сұрақтарын қойып, құқықтық кеңес алды.
Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенқызы «Отбасындағы тәрбие және рухани құндылықтар» тақырыбында сөз сөйледі. Отбасы тұғырының биік болуына әсер ететін құндылықтар жайлы кеңінен тарқатты. Сонымен қатар, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлінің маңызын талқылады. Қатысушыларды сергіту әрі еркін пікір алмасу мақсатында “Тыйым салынған сөздер” атты психологиялық жаттығу ұйымдастырылып, ашық әрі сенімді атмосфера қалыптастырылды.
Кейін қатысушылар ашық немесе анонимді түрде сұрақ қойып, білмейтін сұрақтарына жауап ала алды. Іс-шара соңында қатысушыларға мотивациялық мазмұндағы әдемі сөздер таратылып, спикерлерге алғыс хаттар табысталды. Ашық диалог форматында өткен бұл кездесу қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Жүргізуші атап өткендей, неке – ерікті шешім, мәжбүрлеу – қылмыс, ал құқықтық білім – қорғаудың ең тиімді жолы. Мұндай кездесулер қоғамдағы зорлық-зомбылықты азайтып, бақытты және сенімді отбасы құруға септігін тигізері сөзсіз.
Мадина Жеделбаева

