Өкпені түтінмен тұншықтарма!

(0 Votes)

Өкпені түтінмен тұншықтарма!  Темекі шегу–ертеден келе жатқан зиянды әдеттердің бірі. Оны еркек те, әйел де, кәрі де, жас та тартады. Оған аса құмарлар бір шылымды шегіп үлгермей, екіншісін бастайды. Үлкендерге еліктеп, папирос қалдықтарын балалар да аузына қыстырады. Бұл әдет алғашында еліктеу түрінде болғанымен келе-келе олар әдетке айналып, үйреніп кетеді. Құныққан адам ертемен төсектен көзін ашар-ашпастан темекіге ұмтылады. Көп адам темекіні жұмыс үстінде, үзіліс кезінде, көшеде, далада, қарны ашса да, тамақ ішсе де шегеді. 
Үлкен–кіші бірдей әуестенетіндей осы темекіде не бар? Онда қызығарлық түк те жоқ. Шындығына келсек, оның ішінде никотин дейтін нерв жүйесіне, ас қорыту, тыныс алу, жүрек-қан тамырлар жүйесіне әсер ететін ерекше у бар. Темекіні шегудің алғашқы кезеңінде бір-екі минуттан кейін ол миға жетіп, оған жағымды (эйфория) әсер етіп, уақытша белсенділігін оятады. Осылайша адам соған беріліп, күш қосылғанын байқайды. Бірақ бұл қысқа мерзімді әсер ғана, сондықтан адам темекіні үсті-үстіне шегуге мәжбүр болады. Бірте-бірте ол ағзаның үйреншікті стимуляторы болып, адам өз әдетінің құлына айналады. Никотин суда тез ериді, сондықтан ол ауыздың, мұрынның, кеңірдек тарамдарының кілегейлі қабықшасына оңай сіңеді, сонан соң сілекеймен бірге асқазанға, ішек-қарын жолына өтеді. Темекіні тұтатқаннан кейін оның құрамындағы улы заттар, шылым шегу арқылы өкпеге енгеннен кейін денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіреді. Никотин, смола заттары және ысты газ ауыз, өкпе арқылы қанның құрамына өтеді. Сонымен қатар темекі түтінінде синилдік қышқыл, канцерогенді және радиоактивті изотоптар бар.
Қоғамда ең көп таралған темекі шегу жай еліктеу немесе жаман әдет қана емес, бұл ағзаны тұрақты түрде зиянды заттармен уландыру болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, дүниежүзі халқының үштен бірі темекі шегеді, бұл шамамен 1,1 миллиард адамды құрайды. Ғылыми зерттеулер шылым шегудің адам ағзасына келтіретін зиянды әсері есірткіге тең екенін дәлелдеді. Темекі өмірге қауіп төндіретін 25-ке жуық ауруды тудырады, ең алдымен әрине жүрек-қан тамырлары мен онкологиялық  ауруларды атауға болады. ДДҰ темекі шегу жанама түрде жыл сайын 10 миллионнан астам адамның өлім-жітімінің басты себептерінің бірі екенін атайды. Қазақстанның ересек халқының шамамен үштен бірі немесе 30 пайыздайы темекі шегетіні белгілі болды. Соңғы жылдары жүргізілген зерттеулерге сүйенсек,  бір жылда темекі сатып алуға шығаратын шығындары шамамен 605 миллион АҚШ долларын құрап, мемлекеттің денсаулық сақтау саласының бюджетімен шамалас екенін көрсетті.
Дегенмен экономикасы мен өркениеті дамыған елдерде халық осы бір жаман әдеттің зияндығын мойындап, темекі шегуді біртіндеп азайтып келе жатқаны мәлім. Мәселен, соңғы жылдары Америка Құрама Штаттарында 35 миллионнан астам адам, Ұлыбританияда 8 миллионнан астам адам темекі шегуден бас тартыпты. Бүгінде әлемнің көптеген елдерінде қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салатын заңдар күшіне енген. Себебі оның зияны жаһандық сипатқа ие болып, шылым шегуші өз ағзасынан бөлек маңайындағылардың денсаулығына кесірін тигізетіні анықталып отыр. 
Темекі шегудің денсаулыққа зиян екенін кез келген адам біледі, бірақ адам ағзасына темекі түтінімен бірге жоғарыда аталған улы заттар кіргенде не болатыны туралы білетіндер аз. Ғылыми зерттеулер нәтижесінде темекі түтінімен бір жыл ішінде өкпенің альвеолаларына шамамен 1 килограмм улы шайыр жиналатыны анықталған. Темекі түтініндегі никотинге есірткіге ұқсас тәуелділік дамиды. Тыныс алу жолдары созылмалы қабыну режимінде болып, бронх ауруларының, созылмалы жөтелдің, онкологияның дамуына жол ашады, ағзаның улы заттарға қорғаныс реакциясын тудырып, әртүрлі аллергияның пайда болуына әкеліп соқтырады. Әрі қарай ағзаның иммунитеті едәуір төмендеп, әртүрлі вирустар мен инфекцияға қорғанысы төмендейді.
Темекі түтіні жүрек-қан тамырлары жүйесіне теріс әсер етеді, никотин адреналиннің шамадан тыс шығарылуына әкеледі де қан қысымын көтереді. Нәтижесінде ағзаға оттегінің қажеттілігі артады. Темекі құрамындағы никотин қан ұйығыштарының пайда болуына, қан тығыздығының жоғарылауына ықпал етеді. Темекі шегетін адамның жүрек соғуы (пульсі) жиіленіп, оның жұмысына салмақ түсіреді. Жүрек-тамыр жүйесі ауруларының арасында жүректің ишемиялық ауруы, миокард инфарктісі, ми тамырларының және перифериялық тамырлардың атеросклерозын атауға болады. Оттегімен қанықпаған қан тарылған тамырлар арқылы баяу ағып өтуге мәжбүр болады. Оттегінің жетіспеушілігі нәтижесінде көптеген органдар зардап шегіп, бас ауруы, шаршау, әлсіздік, бас айналу сияқты белгілер пайда болады. Темекі шегу қатерлі ісіктің пайда болуына себеп болады. Ғалымдар қатерлі ісік ауруының шамамен сексен пайызы темекі шегумен байланысты екенін дәлелдеді. Сондықтан дәрігерлердің темекі шегуді адамзаттың басты жауларының бірі деп санайтыны таңқаларлық емес.
Елімізде темекі шегуге қарсы күрес пен оған шектеу қою саясаты өз нәтижесін беріп, жылдан жылға темекі шегушілердің саны, әсіресе ер адамдар арасында біртіндеп азайып келеді. Дегенмен темекі шегудің зияндылығын халықтың көпшілігі мойындағанмен бұл әдеттің таралуы әлі де жоғары. Темекіден бас тарту, салауатты өмір салтын ұстану адамзатты сауықтырудың басты жолдарының бірі деп түсінуіміз қажет.
Айбек МЕЙІРМАН
 Заң мен тәртіпке отклик

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT