Табиғат — адамзаттың ең қымбат байлығы. Біз таза ауа жұтып, таза су ішіп, табиғаттың игілігін көріп отырғандықтан, оны қорғау мен аялау әрбір азаматтың міндеті деп есептеймін. Қоршаған ортаның тазалығы бүгінгі қоғам үшін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін де маңызды.
Соңғы жылдары ауданымызда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстардың қарқынды жүргізіліп жатқаны қуантады. Әсіресе, «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылатын тазалық шаралары тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, туған жерге деген жанашырлықты арттыруда.
Тазалық тек сенбілік кезінде ғана емес, күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі болуы қажет. Әр адам өз ауласын, көшесін және қоғамдық орындарды таза ұстауға үлес қосса, ауданымыз одан әрі көркейіп, тұрғындарға жайлы орта қалыптасады.
Туған жердің тазалығы — баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Сондықтан қоршаған ортаға қамқорлық жасап, табиғатты аялау арқылы келешек ұрпаққа жақсы үлгі көрсетуіміз керек.
— Медеу Бақытбекұлы, аудан тұрғыны

