Соңғы уақытта қоғамдық орындардағы мүліктерді бүлдіру жағдайлары жиі байқалады. Аялдамаларға жазу жазу, орындықтарды сындыру, саябақтар мен балалар алаңдарын ластау секілді әрекеттер қоғам мәдениетіне кері әсерін тигізуде. Мұндай жағдайлар қала келбетінің бұзылуына ғана емес, мемлекет қаражатының қайта жөндеу жұмыстарына жұмсалуына да себеп болып отыр.
Мамандардың айтуынша, қоғамдық мүлік – барша тұрғынға ортақ дүние. Алайда кей жағдайда азаматтардың салғырттығы мен жауапкершіліктің төмендігі салдарынан аялдамалар мен демалыс орындары бүлініп жатады. Әсіресе жастар арасында қоғамдық орындарға ұқыптылықпен қарау мәдениетін қалыптастыру маңызды.
Қала тұрғыны Мадияр Ермековтің сөзінше, тазалық пен тәртіп әр адамның өзінен басталуы керек.
— Кейде жаңа қойылған орындықтардың сынып жатқанын немесе аялдамаларға түрлі жазулар жазылып тұрғанын көреміз. Мұндай әрекеттер қаланың көркін бұзады. Қоғамдық мүлікке әркім өз үйіндей қарауы қажет деп ойлаймын, — дейді тұрғын.
Тұрғындардың пікірінше, қоғамдық орындарды таза ұстау мен ортақ мүлікке жанашырлық таныту – мәдениетті қоғамның белгісі. Сонымен қатар мамандар вандализм әрекеттерінің заң алдында жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.
Қоғамдық тәртіпті сақтау, тазалыққа мән беру және ортақ дүниеге құрметпен қарау – әр азаматтың міндеті. Себебі заң мен тәртіпке бағынған қоғамда ғана жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптасады.
Ақбота Жалғауова, журналист

