Қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық мәселесі қоғам назарындағы өзекті тақырыптардың біріне айналып отыр. Мамандардың айтуынша, кәмелетке толмағандар арасында тәртіп бұзу, қоғамдық орындарда бейәдеп әрекет жасау, төбелеске қатысу немесе заң талаптарын елемеу жағдайлары кездесіп жатады. Мұндай әрекеттердің орын алуына әлеуметтік желінің теріс әсері, бақылаудың әлсіреуі және бос уақыттың дұрыс ұйымдастырылмауы себеп болуы мүмкін.
Сарапшылардың пікірінше, жасөспірім тәрбиесінде ата-ана мен білім беру ұйымдарының жауапкершілігі ерекше. Себебі бала тәрбиесі мен құқықтық сауаттылық ең алдымен отбасында қалыптасады. Сонымен қатар мектеп пен қоғамның бірлескен жұмысы да маңызды рөл атқарады.
Психолог айтуынша, жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа баруы көбіне психологиялық және әлеуметтік факторларға байланысты болады.
— Қазіргі жастар көп уақытын интернет пен әлеуметтік желіде өткізеді. Кей жағдайда олар теріс контенттің ықпалына түсіп жатады. Сондықтан балалармен ашық сөйлесіп, олардың ортасына, қызығушылығына және мінез-құлқына көңіл бөлу маңызды. Жасөспірім өзін қоғамның бір бөлігі ретінде сезінуі керек, — дейді маман.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары мен білім беру мекемелері тарапынан түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Мектептерде құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған кездесулер, ашық сабақтар мен профилактикалық шаралар ұйымдастырылуда. Мамандар мұндай жұмыстар жастардың заңға деген құрметін қалыптастыруға ықпал ететінін айтады.
Қоғамда тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау әр азаматтың жауапкершілігінен басталады. Ал жас ұрпаққа дұрыс тәрбие мен бағыт беру – болашақтағы құқық бұзушылықтың алдын алудың ең тиімді жолы.

