Статистикалық мәліметтерді алға тарта отырып 15 наурыз күнгі референдум еліміз бойынша жоғары деңгейде өтті дей аламыз. Бұған 16 наурызда жарияланған Орталық референдум комиссиясының ақпараты дәлел.
Комиссияның мәлімдеуінше дауыс берудің барлық кезеңінде сағат 07:00-ден 20: 00-ге дейін бюллетеньдерді 9 127 192 қазақстандық алды, бұл дауыс беруге құқығы бар азаматтар санының 73,12 пайызын құрады (Атырау облысы бойынша 74,04%) Еліміз аумағында 10 миллионға жуық азамат дауыс беруге қатысты, бұл рекордтық көрсеткіш.
Аудан тұрғындары да референдумға белсене атсалысты. Таңертең келіп дауыс бергендер қатарында басқа уақытта ұйқысынан ерте тұра бермейтін жастарда бары қуантады. Өзім де 175 референдум учаскесіне алғашқылардың бірі болып өз таңдауымды жасадым. Жасым 80-ге жақындаса да осы уақытқа дейін кез келген саяси науқанда ең бірінші болып дауыс беруге тырысамын. Биылғы референдумда ерекше жағдайлар көп болды. Ұжым, көше, отбасы, достар болып жиналып дауыс бергендерде кездесті.
Әлбетте, қандай мерекенің де сәні ән мен күй, әсем би. Аудан орталығы тұрғындарына С. Көшекбаев атындағы мәдениет үйі өнерпаздарының ұйымдастыруымен Көрісу күніне арналған «Көрісуден басталған мейірім» атты концерттік бағдарлама сыйға тартылды. Осылайша амал мерекесі қалықтаған әсем әнмен, көздің жауын алар мың бұралған бимен өріліп, серуенге шыққан халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Болат Қалиев, еңбек ардагері

