ҚАУІП ҚАЙДАН ДЕМЕҢІЗ?..

(0 Votes)

БҮГІНДЕ ЕЛІМІЗДЕ БАЛАЛАР МЕН ЖЕТКІНШЕКТЕР АРАСЫНДАҒЫ ӨЗІНЕӨЗІ ҚОЛ ЖҰМСАУ МӘСЕЛЕСІ ЖҰРТШЫЛЫҚТЫҢ ДА, МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ДА НАЗАРЫН АУДАРАТЫН ПРОБЛЕМАҒА АЙНАЛДЫ. РЕСМИ ДЕРЕКТЕРГЕ СҮЙЕНСЕК, ӨТКЕН ЖЫЛЫ 199 БАЛА СУИЦИД САЛДАРЫНАН КӨЗ ЖҰМСА, КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАН ТАҒЫ 405 ЖАСӨСПІРІМ ӨМІРІН ҚИЮҒА ӘРЕКЕТТЕНГЕН. БҰЛ КӨРСЕТКІШ 2026 ЖЫЛДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОҚСАНЫНДА ДА ОҢАЛА ҚОЙМАҒАН, АТАЛҒАН КЕЗЕҢДЕ 52 ЖАСӨСПІРІМ ӨЛІМІ, СУИЦИД ЖАСАУҒА ҰМТЫЛУДЫҢ  92 ФАКТІСІ ТІРКЕЛДІ. МЕМЛЕКЕТ ПЕН ҚОҒАМ ТАРАПЫНАН БҰЛ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕГЕ ҮЛКЕН АЛАҢДАУШЫЛЫҚ  ОРЫН АЛЫП, ПРЕЗИДЕНТІМІЗ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ БАЛАЛАР МЕН ЖЕТКІНШЕКТЕР АРАСЫНДА СУИЦИДТІК КӨҢІЛ-КҮЙДІҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША КЕШЕНДІ ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАУ ҚАЖЕТТІГІН БАСА АЙТТЫ. 

Сол балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидке оқталудың орын алуын немен түсіндіруге болады деген сұрақ ұрпағының болашағын ойлаған әркімді де ойландырары сөзсіз. Мамандардың пікіріне көз жүгіртсек, бірнеше фактор себепкер болуы ықтималдығы айтылады. Ол отбасындағы жағдай, тұрғыластар арасындағы әлімжеттік,  балалық махаббат сезімінің біржақты болуы болып жалғаса береді.  Мұндай суицидтік ойдағы балалармен ата-ана, мектеп, басқа да бала тәрбиесімен айналысатын органдар бірлесе жұмыстанулары қажет. Ата-ананың ажырасу жағдайы бойынша суицидке бару арқылы бала отбасындағы мәселелерді шешуді көздеуі мүмкін. Осындай әрекетімен ол ата-анасын қорқытып, бұзылған отбасын біріктіремін деп ойлайды. Себебі ажырасқан отбасылардың көбі балалары үшін қайта қосылып жататынын өмірден көріп жүргені анық. Кей жағдайда «мен өлген соң көресіңдер, көретіндеріңді» деп ата-ананы жазалау мақсатында өзіне қол жұмсауы да ықтимал. Бала жаны бұл шарасыздықты, күйзелісті тоқтатқысы келеді. Бұл ретте ата-ана баласымен болып жатқан жан тебіренісін түсіне білуі керек. Мектептерде суицидке баруға бейімі бар оқушыларды анықтау, сол топтарға бағытталған психологиялық қолдау жұмыстарын жүргізген абзал.  Бұдан өзге суицидтен болған өлім туралы жаңалықтарды естіген кейбір күйзелістегі оқушылардың суицидтік ойлары кеңейіп, оларға әсер етуі мүмкін. Мұндай оқушылардың барын анықтап, алдын алу үшін олардың эмоциялық және жай-күйін, жағдайын жүйелі түрде бақылап отыру маңызды. Оқушыларға өз сезімдерін жеткізе жазу, музыка, өнер арқылы да және басқа да тәсілдермен білдіруге мүмкіндік беруге болады. Суицидке баратын жасөспірімдер «өліп қалсам ғой, өмірдің мәні жоқ, неге тудым?» деген сияқты сөздерді жиі айтып, оқшауланып, жалғыз қалғысы келе бастайды. Қалай болса да, жаны ауырып жүрген балаға қасынан табылатын адам болғаны жақсы, оны құлағымен тыңдайтын, уақытын бөліп еститін адам керек. Балаларға кішкентай кезінен сезімдерін бөлісуге, көмек сұрауды үйретудің өзі үлкен көмек. Қандай да бір буллинг сияқты қиын жағдайларға тап болғанда үмітсіздікке түспей, қалай шешу жолдары болатынын баламен қарым-қатынаста ересектер үлгі болып үйрету қажет. 

Суицидтің ауру екендігі нақты дәлелденді, ол асқына берсе, адамның өмірге деген құштарлығы жойылады, өлімнен басқа мына әлемнің ешқандай проблемасы қызықтырмайды. Психологиялық, апатиялық дағдарысқа тап болып, соңы өлімге әкеліп соғатын жағдайдың алдын алу үшін дер кезінде көмек көрсетудің мәні зор.  Психиатр дәрігердің кеңесіне жүгініп, стресске ұшырап, жүйкесі жұқарғандарды дереу емдеу қажеттігі айқын. Сондықтан осындай келеңсіз жайттарды байқаған сәтте шұғыл әрекет еткен абзал.

Айбек ӘНУАРҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT