Ақпарат желісінен оқып білгенімдей құрамында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Мұрат Әбенов, Жанар Бимұратқызы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы және облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет бар республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы Қызылордадаға «Достық» үйінде болып Президенттің Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарын түсіндірген кездесу өткізді.
Жиынға облыстың зиялы қауым, азаматтық қоғам және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясында» энергетика саласының ардагерлері, жұмысшы мамандарымен өткен кездесуде екінші топтың мүшелері Құрылтай депутаты Айдарбек Қожаназаров, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Мейрамбек Жұмашев, Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров және облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов түсінік жұмыстарын жүргізді. Кездесулер барысында Мемлекет басшысы айтқан жаңа Азаматтық кодекс қабылдау, кәсіпкерлікті қолдау және инвестициялық ахуалды жақсарту, елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау жүйесін қайта қарау, азаматтардың экономикалық дербестігін қалыптастыру, энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету туралы айтылды. Сондай-ақ экономиканы жаңғырту, заңнамаларды жетілдіру, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелері де назарға берілді. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту, қоғамдық келісім мен ұлттық құндылықтарды нығайту бағыттары түсіндірілді.
Әуез ІЗЖАНОВ,
білім беру қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің төрағасы


