Бюджетке жүз миллион теңге қайтарылды

(0 Votes)

«Біз елімізді дамытуға арналған қаражатты тиімді жұмсаудың амалын іздеп қиналамыз. Бірақ соған қарамастан әлеуметтік салаға бөлінген триллиондаған теңге қаржыны жымқыратын алаяқтар бар, тіпті, аз емес деп айтуға болады. Бұл – мүлде ақылға сыймайтын жағдай. Мұндай кеселді түп-тамырымен жою керек. Әркім өз жұмысын жақсы атқарса, оны патриот деп санаймыз. 

Сауатсыз, әсіресе ашкөз, көрсеқызар, жемқорлыққа бейім адам ешқашан патриот бола алмайды. Әрине, ол өзін патриот санауы, алаулатып, жалаулатып сөйлеуі мүмкін. Алайда ол патриот емес және оны бәрі біледі» деген еді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуы орынды. Жемқорда ар-ұят деген болмайды. Елдің қамын ойлағандық танытқанымен қашанда қара басының мүддесін бәрінен жоғары қояды. Әйтпесе аз қамтылған, мұқтаж адамдарға және елімізде халыққа қызмет көрсететін нысандар салуға арналған әлеуметтік салаға бөлінген қаржыға қол сала ма? Астына қымбат көлік мініп, шетелде демалып жүргендердің күні соған қарап қалған жоқ. Мұндайлар  «Ұсталмаған ұры емес» деп жегені желкесінен шыққанша тоқтау дегенді білмейді. Бір қызығы талай жемқор тұтылып жатса да одан ешқандай сабақ алмайды. «Өгіздің басына туған күн бұзаудың да басына туатынын» ескермейді. Сарапшылардың пікірінше, парақорлықтың, парақорлықтың және басқа да сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың таралуы ел экономикасы үшін бірқатар жағымсыз салдарға әкеп соғады. Ең алдымен көлеңкелі сектор кеңейеді. Кәсіпкерлер лауазмды тұлғаның жалаңдаған алақанына бірдеңе қыстырып  табыстарын жасыру арқылы салық төлемейді. Нәтижесінде  салық түсімдері  азаяды және бюджеттің әлсіреуіне әкеледі. Бәсекелестіктің нарықтық қағидаттары  бұзылады. Жең ұшынан жалғасқан кейбір ұйымдар мен тұлғалар сапасы төмен тауарларды немесе қызметтерді ұсына отырып, басқаларға қарағанда артықшылыққа ие болады. Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану  мемлекеттің  өз азаматтары мен бизнесіне ұсынатын әлеуметтік қызметтер мен тауарлардың сапасы мен көлемін азайтады. Жемқорлық салдарынан  өнімдер мен қызметтердің бағасы көтеріліп, нәтижесінде соңғы тұтынушы зардап шегеді. Билікке деген сенімнің  жоғалуын соқтырады. Сыбайлас жемқорлықтың өсуі биліктің экономиканың барлық қатысушылары үшін адал ережелерді орнатуға және сақтауға қабілетсіздігі ретінде қабылданады.

Әрине, ешбір ел жемқорларды тайраңдатып төбесіне шығарып қойып отыра алмайды. Қандай қоғамдық құрылыстада олар жазаланады. Бірақ, жемқоры жоқ елді таппайсыз. Біреуінде ол дендеп тұрса, екіншісінде аз болуы мүмкін. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі  ұлттық комитеттің мәліметінше, 2025 жылы жемқорлыққа байланысты заңсыз әрекеттері үшін 895 адам жауапкершілікке тартылған. Мониторинг нәтижелері бойынша жемқорлыққа қарсы күреске байланысты заңдарды бұзуына байланысты 43 адам жұмыстан шеттетілді. Жемқорлыққа қатысты қылмыстар туралы 1052 іс қозғалды және тиісті іс-шаралар өткізілді. Ал 2026  жылдың басынан бері елде 126 қылмыстық  құқық бұзушылық тіркелді, оның 110-ы сыбайлас жемқорлық деректеріне қатысты. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, тіркелген құқық бұзушылықтардың басым бөлігі пара алу, алаяқтық және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілерін қамтиды. Анықталған заңсыз әрекеттерге байланысты 89 адамның қызметі тоқтатылған. Құқық қорғау органдары 129 қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтап, оның 121-ін сот қарауына жолдады. Тергеу нәтижесінде келтірілген залал көлемі 18 млрд теңгені құрады. Аталған істер бойынша бюджетке 100 млн теңгеден астам қаржы қайтарылған. 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT