ИНТЕРНЕТТЕГІ АЛАЯҚТЫҢ БАСҚА ҚЫЛМЫСКЕРДЕН БІР АЙЫР МАШЫЛЫҒЫ – ЖҰМБАҚТЫҒЫ. АЛАЯҚТАРДЫҢ КӨПШІЛІК БӨЛІГІ ШЕТЕЛДЕ ОТЫРАДЫ. ОЛАРДЫҢ ҚАЙ ЕЛДЕ ОТЫРЫП, КІМДІ АЛДАҒАНЫН ДА АНЫҚТАУ ҚИЫНДЫҚ ТУҒЫЗАТЫНЫ СОДАН. КӘДІМГІ ҰРЫЛАР ҰСТАЛЫП ҚАЛМАЙЫН ДЕГЕН ҮРЕЙМЕН ӨМІР СҮРЕДІ. АЛ ХАКЕРЛІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ҚОЛДАНАТЫН КИБЕРҚЫЛМЫСКЕР ӘРКЕЗ ӨЗІН ҚАУІПСІЗ, ЕРКІН СЕЗІНЕДІ. СӨЙТІП, ОЛ ӨЗІНІҢ ОЙЫНА КЕЛГЕНІН ІСТЕЙДІ. МҰНДАЙ АЛАЯҚТАРДА АЯНЫШ СЕЗІМІ БОЛМАЙДЫ. СОЛ СЕБЕПТЕН, ОЛАРДЫҢ ҚҰРБАНЫ КӨБІНЕСЕ ҚАРТ АДАМДАР, ӘЙЕЛДЕР, БАЛАЛАР БОЛЫП ШЫҒАДЫ. ЕГДЕ ЖАСТАҒЫ АДАМДАРДЫҢ КЕЗ КЕЛГЕН ҚОҢЫРАУҒА СЕНІП ҚАЛАТЫНЫН ЖҰРТТЫҢ БӘРІ БІЛЕДІ, МҰНЫ АЛАЯҚТАР ДА ТИІМДІ ПАЙДАЛАНАДЫ.
Бүгінде банк қосымшасы арқылы әлеуметтік төлемдерді төлеп, үйде отырып-ақ несие рәсімдеуге болады. Бірақ қосымшадағы барлық қызмет түрін қолдана берудің қажеті жоқ. Себебі, жүйедегі мұндай жаңашылдық жұмысты біраз жеңілдеткенімен, қауіпсіздік жағынан қиын болып тұр. Басқаның атынан несие рәсімдеген адамға хабарласып, «сізге қателесіп ақша аударып жібердім. Маған кері қайтарыңыз» деп шотына немесе терминал арқылы өзіне қайтаруын сұрайды. Ал банк шотына микроқаржы ұйымынан түскен ақша «сіз займ алдыңыз» деп емес, «басқа банктен ақша түсті» деген ақпарат келеді. Мұндай жағдайда сіздің шотыңызға басқа жақтан ақша түскен болса, бірден банкке хабарласып, кімнен келгенін білу керек. Тағы бір жолы алаяқтар хабарласып, «екінші деңгейлі банктен біреу сіздің атыңыздан несие алып жатыр. Несиеден бас тарту үшін маған өзіңіз туралы ақпарат айтыңыз» деп, тіпті банк картасының нөмірі мен соңғы 3 санды да сұрап алып жатады. Содан соң несие алынып қойды, енді оны бізге қайта жіберіңіз деп ақшаны өздеріне қайтарып алады. Алданған азаматтар төлем уақыты келгенде ғана алданғанын кеш түсінеді. Сондықтан біреу несие, ақша туралы хабарласса, бірден банктің өзіне хабарласқан жөн.
Кейбіреулер өзінің атынан микрозайм алынғанын шоты бұғатталғанда бір-ақ білген. Несие рәсімделгенін бұғат қойылғанда ғана білетін жағдайлар өте жиі кездесетінін заңгерлер де растайды. Алаяқтық фактісі анықталса, ең бірінші кезекте банктен немесе микроқаржы ұйымынан қарыз шартын алу керек. Қарыз шартындағы адам туралы барлық ақпарат пен байланыс телефондарын тексеру керек. Несиеге өтініш берген кезде телефон нөміріне құпия сөз келу арқылы келісім береді. Танысы, туысы немесе досына несие алып беріп, қарызын өтей алмай жүргендер көп.
Заңгерлердің пікірінше, ең дұрысы – алаяқтардан сақтану. Жәбірленуші қарызды төлемей, заң арқылы мәселені шеше алады. Тиісті сот орындарына шағымдану керек. Адам өзі туралы ақпаратты кез келген жанға айтпау керек. Жеке куәлік көшірмесін де сұрағандарға жібере беруге болмайды. Әккі алаяқтар психолог сияқты адамды зерттеп алады. Соңғы уақытта телеграм бойынша кездесетін аляқтың түрі көп. Жүргізуші куәлігін сату, телеграм каналын бұзу, оны қайтару үшін ақша талап ету, фотосуреттерді таратамын деп қорқытулар бар. Жалпы, телеграмға, басқа да әлеуметтік желілерге келген сілтемелерді ашуға болмайды. Қазір, өкінішке қарай, «қолыңның ұшын қимылдатпай-ақ көп ақша табасың» деген жалған жарнамаға алданатындар көп. Әсіресе, телеграмда алаяқтардың дәурені жүріп тұр. Заңгерлердің пікірінше, мұндай алаяқтық істерді көбіне шетел азаматтары жасайтындықтан, алаяқтық туралы іс қозғалғанымен, ақшаны қайтару қиынға соғады.
Жалпы, жергілікті және криминалдық полиция қызметкерлері бірлесіп интернет-алаяқтық пен ұрлық бойынша алдын алу ісшараларын, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бүгінде әлеуметтік желіні адамдар белсенді қолданған сайын алаяқтық схема бірге дамуда. Сондықтан бейтаныс адамдарға жеке деректерді мүлде беруге болмайды. Өйткені алаяқтардың құрығы ұзын.
Айнагүл ШАКУПОВА


