Қазіргі таңда интернет алаяқтықпен қатар телефон арқылы жасалатын алаяқтық деректері де жиілеп келеді. Алаяқтар өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе байланыс операторы ретінде таныстырып, азаматтардың жеке мәліметтерін алуға тырысады. Кей жағдайда тұрғындар сеніп қалып, қаржысынан айырылып жатады.
Мамандардың айтуынша, ешбір банк қызметкері немесе мемлекеттік орган телефон арқылы құпия кодтар мен банк картасының толық деректерін сұрамайды. Сондықтан азаматтар күмәнді қоңырауларға сақтықпен қарауы қажет.
Мадина Ерболатқызы, журналист:
– Алаяқтардың әрекеті күн сайын өзгеріп келеді. Сондықтан тұрғындар ақпараттық және қаржылық сауаттылыққа ерекше көңіл бөлуі керек деп ойлаймын. Кез келген күмәнді хабарлама немесе қоңырауды бірнеше рет тексеріп алған дұрыс.

