«Жайлау той – 2019»

(0 Votes)

Ресей Федерациясының Астрахань облысындағы қандастарымыз биыл үшінші рет «Жайлау той-2019» мейрамын атап өтті.

Қыстан аман шыққан ел арқа-жарқа болып, көктемнің жайма шуақ күнінде сән салтанатымен мерекені тойлады. Жалпы Астрахань өңірінде 150-ден аса ұлт өкілдері тұрады. Халық санының 15 пайыздан астамы қазақтар. Олардың көп шоғырланған жері Алтынжар ауылы.

Осындағы Құрманғазы атындағы аймақтық мәдени орталықта ұйымдастырылған ауқымды шарада қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтары ұлықталды. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ашық аспан астындағы басқосу көптің көңілінен шықты. Әсіресе көздің жауын алар қазақтың ұлттық бұйымдары жұртты тамсандырды. Ауданымыздан арнайы шақыртумен барған қолөнер шеберлері Ғалия Рысқалиева мен Талғат Жұмалиев өздерінің туындыларымен қандастарын тәнті етіп, олардың жұмыстары жоғары бағаға ие болды.

– Ұйымдастырушылар ұмытылып бара жатқан тамаша дәстүрлерін насихаттады. Бұл мереке бір жағынан екі ел арасындағы достық қарым-қатынасымызды паш етсе, екіншіден ұлттық мәдени құндылықтардың қасиетін кейінгі жастар ұғынды. Келген қонақтарға ақ пен сары бауырсақ ұсынылып, табақ-табақ ет тарту етілді. Дастархан басында олар ұйымдастырушыларға, яғни мәдени орталықтың ұжымына зор ризашылықтарын білдірді. Қатысушылар түрлі ұлттық жарыстарда бақтарын сынап, сый-сияпаттардан құр алақан қалмады. Мереке ән-күймен көмкерілді. «Отырар сазы» ансамблінің концерттік бағдарламасы тамашаланды. Бізден де бір топ аудан өнерпаздары барып, ән мен жырдан шашу шашып, шарының көрігін қыздырды, - дейді бізге берген сұхбатында аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521