«Нұршуақтың» нұрлы жолы

(0 Votes)

Театр — адамның рухани демалып, басқа бар әлемге шағын саяхат жасауына ықпал ететін мәдени орын.

Осы ретте жас ұрпақтың аталмыш өнерге деген ынтасын жігерлендіру, шығармашылық қырларын ашу бағытында жүйелі жұмыстар жолға қойылған.

Солардың ішінде тәрбие мен білім бағдарламасы бойынша 2010-2011 оқу жылында Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектептің жанынан құрылған «Нұршуақ» жасөспірімдер театр үйірмесінің бағындырған белестері мен жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Үйірме жұмысы алдын-ала жоспарланып,белгілі бір мақсат бойынша өз қызметін асқан белсенділікпен, қызығушылықпен бастады. Мақсаты – оқушылардың рухани қорын, мәдени-эстетикалық деңгейін кеңейту, әдебиетке деген қызығушылығын ояту, оларды отаншылдыққа баулу, оқырмандық, көрермендік талғамды қалыптастыру, жергілікті жердегі ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттау. Оның құрамына білім ошағының 5-9 сынып аралығындағы талантты, әртістік қабілеті бар жас жеткіншектер іріктеліп алынды. Олар күні бүгінге дейін театрдың өркендеуі, сахна өнерінің одан әрі өрлеуі үшін бар күш-жігерлерін салуда. Үйірменің өсіп-өркендеуі мен кәсіптік деңгейінің көтерілуіне оның жетекшілері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жоғары санатты, зерттеуші ұстаз Мәрия Хиуазова, І санатты сарапшы педагог Айжан Бисенова мол үлес қосуда. Оқушылардың осы үйірмеге белсенділік танытуы, қатысуға көптеп ниет білдіруі ұстаздарына қанат бітіргендей.Сонымен қатар, олар дарынды шәкірттері аталмыш үйірмемен тек мектеп қабырғасында ғана шектеліп қоймай, мамандық таңдау шағында да маңызды рөл атқаратынына сенеді. Үйірмеге 22 талантты жас тартылған. Театрдың тұсаукесері Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» қойылымымен кесілді.

img_9914

Үйірме құрылғалы бері әр жылдарда аудандық, облыстық, аймақтық, республикалық байқауларда бақтарын сынап, репертуарларындағы жаңа туындыларын ұсынды. Айта кетерлігі, кәсіби мамандардан кем түспейтін бойларында әртістік шеберліктері бар жас жеткіншектер түрлі додалардан жүлдесіз қайтқан емес. 2010-2011 жылдары Ғ.Мүсіреповтің «Ажалды жеңген ана» спектаклін, Ж.Нәжімеденовтің «Шарт» өлеңін сахналаған балалар облыстық «Жарқын болашақ», «Жұмекен оқуы» олимпиадасынан ІІІ орынды иеленді. Сонымен қатар, жас таланттар халық ауыз әдебиетінің «Алтын дән», «Баласын жоғалтқан Күңке» ертегілерімен аудандық байқауда жеңімпаз атанды. Ж.Нәжімеденовтің «Хат тасушы бала» әңгімесі желісінде дайындалған сахналық қойылымның облыстық «Мен елімнің патриотымын» байқауында биік тұғырдан көрініп, І орынды қанжығаларына байлатты. М.Мағауиннің «Аласапыран», М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», Ә.Кекілбаевтың «Үркер» романдары, «Бір шөкім бұлт», «Күй» повестері, Ф.Оңғарсынованың «Қари қыз» хикаясы, Д.Исабековтың «Ескерткіш», Ш.Айтматовтың «Алғашқы ұстаз» шығармалары негізінде әзірленген туындыларының бақтары жанып,облыстық, аймақтық, республикалық додаларда топ жарды.

begaliev

Қазіргі таңда шығармашылық топ жаңа белестерге жету жолындағы ізденіс қарымын жан-жақты шыңдап келеді. Жаңа оқу жылына да үйірменің жоспарлап қойған қойылымдары баршылық. Алдағы уақытта бұл туындылар өнерсүйер қауымның назарына ұсынылып, оң бағасын алары анық.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521