«Хат тасушы»

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде облыстық жастар саясаты мəселелері басқармасының қолдауымен, «Жас интеллектуал» ұйымының ұйымдастыруымен Атырау жастар театрының сахналауында «Хат тасушы» драмасы көрермен назарына ұсынылды.

Қойылымды Жұмекен Нәжімеденовтің әңгімесі негізінде Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, жерлесіміз Бақытгүл Бабаш сахнаға арнап жазып шықты. Драмада жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Із» әңгімесіндегі Ашақ сорында төңкерілген қара қазан да көрініс береді. Сұм соғыстың қайнап тұрған кезі. Колхоз жұмысына үлкендермен қатар Жұмекеннің тұрғыластары да тартылып отыратын. Бұл жұмыстан тек басқарманың баласы Темірхат қана босатылып, оған көп машақаты жоқ хат тасу міндеті жүктелген. Басында осылай жеңілдеу көрінгенімен майданнан толастамай жеткен «қара қағаздар», кей шаңыраққа түскен қайғы-қасірет оның қайыс баулы қара кенеп сөмкесін тым ауырлатып жібереді. Ылғи да жаман хабар жеткізетін хат тасушының ел ішінде біртіндеп қадірі кете бастайды. Балалар да онымен бірге ойнауды доғарып, артынан «қара хабаршы», «китлер» деп жамандап лағнетті жаудырып жататын. Тіпті жабылып ұрған кездері де жиі кездесетін. Барша жұртқа жеккөрінішті болған ол сөмкесін атып ұрып, ішіндегі хаттарды шашып өкіріп-жылап «бұған менің еш кінәм жоқ» десе де ешқайсысының шемен жүрегі жібімей қояды. Суға кеткен біреуін құтқарып қалып, жақсылық жасаса да, әйтеуір, бір жақпады. Ішкі жандүниесінің осындай қиналысқа түсуі оны әбден қажытады. Осылай жұрттан жырақ жүретін оны тек Жұмекен ғана түсінетіндей. Қойылым Темірхаттың өз еркімен ауыл сыртындағы өзенге суға кетуімен аяқталады. Өлі денесін судан шығарғанда оның қалтасынан майдандағы ағасы Әбілхаттың қаза болған «қара қағазы» шығады. Оның бала жүрегі мұндай жаманат хабарды әке-шешесіне жеткізуге дауаламаса керек.

img_5642

img_5645

Сахнадағы оқиға желісі сонау соғыс уағындағы балалар бейнесімен бірге жүрген үлкен, ақыл тоқтатқан Жұмекеннің сөздерімен, толғаныстарымен, іс-қимылдарымен баяндалып отырылады. Осының өзінен бір ерекшелікті, шығармашылық ұтымды ізденісті байқауға болады. Бұл туынды Бақытгүл қарындасымызды жаңаша бір қырынан көрсеткендей. Көрермендердің дені жастар, мектептің жоғары сынып оқушылары болғанымен олар «Хат тасушы» драмасын өте жылы қабылдады. Соңында аудан әкімі Қайрат Талапұлының өзі сахнаға көтеріліп, көрерменге осындай жан тебірентерлік, тағылым-тәрбие боларлық көңіл-күй сыйлаған театр ұжымына, оның жетекшісі Әміржан Нұрланұлына үлкен ризашылығын білдіріп, Алғыс хатын табыстады.

img_5651

img_5657

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521