Жат ағымдар жағамыздан алмасын

Бүгінгі күні ислам атын жамылған жат ағымдар қоғамның бас ауруына айналуда. Олардың жетегінде кеткендер жыл сайын көбеюде.

Тәубеге келіп жатқандары да баршылық. Десек те, солардың сөзіне еріп, әйел-баласымен сонау Сириядағы от пен оқтың ортасынан шығып жатқандарға жаның ашиды. Мысалы, өткен жылы ауданымыздың тұрғыны, ислам дінінің тура жолын іздеймін деп салафи идеологиясының ықпалына түскен «С» есімді азамат ата-анасын тастап, өзінің отбасымен бірге Сирия Араб Республикасына соғысқа кеткенін жаздық. Артында қалған әкесі уайымдаумен дүниеден озғанын, анасы болса, жалғыз ұлы қайтып оралады деп үмітін үзбей жүргенін келтірдік. Кейбір деректерге сүйенсек, қазіргі күні Сирияда 800-дің үстінде қазақстандықтар жүр. Ақпарат көздері 2018 жылғы шілде айындағы мәлімет бойынша олардың ішінде 120-сы ер адамдар, 250-і әйелдер және 500-і кәмелетке толмағандар екенін келтіреді.

Жалпы Сириядағы қырғынға тоқталсақ, бұл ешқандай да діни соғыс емес. Таяу Шығыстан Ресейді ығыстырып шығарғысы келген АҚШ пен Батыс елдерінің әскери ойыны. Американың сойылын соққан, ислам атын жамылғандар діннен хабарсыз мұсылмандарды жалған идеологиямен адастырып, олардың қолымен от көсеуде. Пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннетін ұстанып, ғасырлар бойы бір-біріне төзімділікпен қарап келген суниттер мен шейттердің арасына от тұтатқан да сыртқы елдер. Күнәсіз адамдарды өлтіріп, тонап жатқандарды қалай дін жолында жүргендер деп айта аласың? «Жазықсыз бір адамды өлтірген күллі мұсылманды өлтіргенмен бірдей» демей ме Пайғамбарымыз (с.а.у) хадистерінде. Оққа ұшып, өліп бара жатқан сириялық баланың: «Мен сендердің үстеріңнен Аллаға шағым айтамын» деген сөзі сай-сүйегіңді сырқыратады. Жазығы не? Барлық бала өмірге бақытты болу үшін келмей ме? Ал, қазір Сирия алпауыт елдердің текетірес аймағына, жаңа қаруларды сынап көретін полигонына айналды. Нәтижесінде, қарапайым тұрғындар қырғынға ұшырауда, туған жерін тастап бассауғалауға мәжбүр болуда. Жат ағымдардың азғыруымен барған қазақтардың, онда не болып жатқанын түсінгеннен кейін, кері шыға алмай қаза болғанын да, ақпарат құралдарынан естіп жатырмыз. Жақында ғана қарулы топтар өз құрамынан қашып шықпақ болған үш әйелді өлтіргенін әлеуметтік желіде жазды.

Біздің ата-бабаларымыз ислам дінінің Ханафи мазһабын ұстанған. Бабалар салған жолмен неге жүрмейміз? Неге бүйректен сирақ шығарамыз? Бұрынғылардан қалған тура жолға түспей, басқа жағынан айналып өтемін деп неге басымызға бейнет тілейміз? Мазһаб ұстанбау биік жарға біреу баспа қойып «Құлайсың, осымен түс дегенде» тыңдамай, тіке секіргенмен бірдей емес пе? Ендеше неге «Мен мазһабпен жүрмеймін, Құран мен Сүнетті ұстанамын» дейміз? Мазһабтың өзі соның жиынтығы ғой. Олай ету үшін Құранның тәпсірлерін, хадистерді түгел білу қажет. Әбу Ханифа сияқты соларды бірнеше жыл талдап, зерттеп, содан кейін барып пәтуа беру керек. Осы жағын ойланайық. «Дінде зорлық жоқ» екені Құранда айтылған, Пайғамбарымыз (с.а.у) «Дінді қиындатпаңдар» деп өсиет еткен. Өзге діни ғалымдар түгел мойындаған Имам Азғам Әбу Ханифа Құран мен сүннетті негізге алып пәтуа шығарған. Соны ұстанған бабаларымыз Аллаға құлшылығын жасап, ел ішінде діни алауыздық тудырмай, «намаз оқымайсың, кәпірсің», деп ағайын-туысымен араздаспай, айналасын қамқорлап, мейіріммен қарап ғұмыр кешкен. Қандай адам да ерте ме, кеш пе құдайдың бар екенін мойындайды. Сол кезде адаспас үшін діни ілімді мешіт имамынан алғаны дұрыс екенін есте ұстайық.

Қанат ҒҰМАРОВ

Жарнама

rightbanner

Редакция

 
muratovaslan

Таңатар Дәрелов
- "Серпер" газетінің бас редакторы

kisimovaaru

Қанат Ғұмаров - бас редактордың орынбасары - жауапты хатшы


sharapidenovabilmazhan

Айбек Нәжімов
- 1-ші дәрежелі тілші


panaberdievserikbol

Айнагүл Шакупова
- 2 дәрежелі тілші


dauletiarzholaman

Иманкулова Айдана Қажымұханқызы
- сайтқа жауапты редактор

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 701 666 27 49     +7(7122) 45-85-21

big_banner