banerkzbig

Білім саласындығы жалпақшешейлік баланың болашағына зиян

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен педагогикалық сала қызметкерлерінің сараптамалық қорытындылау жиналысы өтті.

Оған аудан әкімі Бибоз Шаяхметов, ардагер ұстаздар, округ әкімдері, мектеп директорлары, пән мұғалімдері, ата-аналар, қоғамдық ұйым мүшелері қатысты. Жиналыстыашып күн тәртібімен таныстырған аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева қатысушыларды ұтқыр ұсыныстар мен батыл идеяларын ортаға салуға шақырып, өз баяндамасын жасау үшін мінберге көтерілді.

САПА ӘЛІ ТӨМЕН

Тоқсандық білім сапасын ұстамаған Алтынсарин, Манаев, Панфилов, Крупская, Ақкөл, Нұржау жалпы орта мектептерін атауға болады. Бұл білім ұяларында балалардың оқу техникасы бойынша тоқсандық бағалау мен зерделеу қорытындысы арасында үлкен айырмашылық байқалып отыр. Ал оқушылары білім стандартына сай белгіленген талап деңгейінде немесе одан жоғары көрсеткішті иеленіп отырған Бегәлиев, Имашев, Еңбекші, Ломоносов, Әуезов атындағы жалпы орта мектептеріне, З.Серікқалиұлы мектеп-интернатына қандай мақтау айтсақ та жарасымды. Кеткен кемшіліктердің бас ты себептеріне тоқталсақ, ең біріншіден мұғалім тарапынан бастауыш сынып оқушыларының білім деңгейлерін артық бағалауы. Баланың білімі дұрыс сараланбайды, жаңа бағдарламаға сай критериалды емес, бұрынғы кеңестік жүйедегі салыстырмалы баға қою әлі де жалғасын табуда. Бүгінгі таңда стандартқа сәйкес 1 сыныпты бітірген балдырған сауатты, жүргізіп оқу дағдысы қалыптасқан болуы тиіс. Ал, осы кезден бас-тап педагог мұны босаңсытып алса, алға қарай бағдарлама одан әрі күрделеніп, бала үлкен қиындықтарға кездеседі. Нәтижесінде нашар оқушы осыдан шығады. Сонымен қатар, оқу жылының басында шығарылған сапа көрсеткіші еш өзгерместен тоқсанның аяғына дейін ауытқымай бір деңгейді ұстап тұрады. Бұл білімінде олқылығы бар оқушылармен қосымша жұмыстардың жүйелі жүргізбеуінің бірден-бір көрінісі. Математика, қазақ тілі пәндерінен де тапсырмаларды орындау барысында біраз қателіктер орын алған. Жіберілген кемшіліктерді жою мақсатында бірқатар ұсыныстар берілді. Алдағы оқу жылында бұл басты назарда ұсталынады деген ойдамын.

ҰБТ-ҒА ҚАТЫСУШЫЛАР АЗАЙДЫ

2017-2018 оқу жылында мектеп бітірген 575 оқушының 330-ы немесе түлектердің 57,0 %-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Олардың 36-ы шығармашылық оқуға баратындықтан, оқу сауаттылығы және Қазақстан тарихы пәнінен сынақта бағын сынаса, 294-і жаңа форматқа көшірілген ереже бойынша 3 міндетті, 2 таңдау пәнінен тест тапсырды. ҰБТ-ның қорытындысымен аудандағы жалпы орта ұпай 55,9% – ды көрсетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда -0,9-ға төмендеді. ҰБТ нәтижесі бойынша Нұрпейісова , Құрманғазы, Ломоносов, Имашев орта мектептері, З.Серікқалиұлы атындағы мектеп интернаты жақсы көрсеткіштерге қол жеткізсе, Қиғаш, Сүйіндік, Балқұдық, Панфилов, Манаев орта мектептері өте төмен білім деңгейлерін көрсетті. Шекті деңгейге 88 оқушы жете алмады. Ол барлық қатысушының 26,0 %-ын құрайды. 199 оқушы 50 мен 100 аралығында ұпай жинаса, 100-ден жоғары ұпайға 7 түлек ие болды.

ЕСЕП БІЛМЕГЕННІҢ ЕСЕСІ КЕТДІ

Математикалық сауаттылық пәнінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын анықтау мақсатында 20 сұрақтан тұратын логикалық тапсырмалар берілді. Соның ішінде 15 оқушы ғана 15-20 ұпайды жинады. Сондықтан бұл пән жаңа форматта болғандықтан, алдағы уақытта мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жетілдіру мақсатында озат іс-тәжірибелерді зерделеу, оларды оқу үрдісіне енгізу кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Қазақстан тарихы және таңдау пәндерінен ҰБТ басталғалы бері 15 жыл уақыт өтсе де, олардың да білім сапасы жылдан-жылға төмендеп келеді. Таңдау пәндері оқушылардың өздері қалаған мамандықтары бойынша негізгісі бола тұра, олар ең жоғары 40 ұпайдың жартысын да ала алмаған. «Алтын белгіні» иеленген түлектердің ішінде шекті ұпайға қол жеткізбегендер де кездесетіні қынжылтады. Иә, соңғы жылдары жалпы білім беретін мектептерде бас-тауыш және жоғары сыныптар арасындағы сабақтастықтың, байланыстың әлсіреуі білім сапасының төмендеуіне себепші болуда. 15 жылдық тарихы бар ҰБТ сынағы тестілеуге дайындықты 11 сыныпта ғана жүргізу еш нәтиже бермейтінін көрсетті, сондықтан бастауыштан бастап негізгі пәндерден фундаменталды сауаттылыққа мән беріп, жоғары білімге қол жеткізудің жаңа тиімді әдістемелерін оқу процесіне енгізу қажеттігін уақыттың өзі талап етуде, - дей келе, баяндамашы 2018-2019 оқу жылында ҰБТ сапасын жақсарту мақсатындағы келелі ұсыныстарымен бөлісті.

Келесі кезекте Атырау облысы бойынша «U-Stady» аймақтық тәуелсіз тестілеу орталығының директоры Елдос Махамбет өз сөзінде: - Біздің орталық 2003 жылы құрылған. Алғашында оқушыларды ҰБТ-ға дайындалу барысында өз бейнероликтері арқылы қызметтерін ұсынды. Кейіннен тестті талдау бағытына баса назар аударып, оны бейнетаспа және кітапша түрінде жүзеге асырды. Дами келе, 2015 жылдан бастап жеке кәсіпкерлердің инвестиция аударуларының арқасында өңірлерде көптеп филиалдары ашылып, Қазақстан бойынша 21 орталықта қызмет ұсынуға мүмкіндік алды. Олардың әрқайсысы 150-200 компьютерлік орыннан тұрады. 2020 жылға дейін елімізде осындай тәуелсіз сараптама жүргізетін 50 орталық ашуды жоспарлап отырмыз. 2003 жылдан бері 3,5 млн. оқушы мен мұғалімге тестілеу жұмыстарын жүргіздік. Яғни орталық әрдайым даму сатысында болып, кеткен кемшіліктерін түзетуге талпынып келеді. Біз тек тестілеумен ғана емес, оқушыларды ҰБТ-ға дайындық жұмыстарын жүргізумен де айналысамыз, - дей келе, облыстан келген лауазым иесі аудан әкімдігі мен білім бөлімі қолдау көрсетсе, өңірімізде заманауи технологиялармен жабдықталған 65 орындық аталмыш орталықтың филиалын ашу жөнінде ұсынысын білдірді.

ЖОЛДЫҢ ДА ӘСЕРІ БАР

Жарыссөзде Сүйіндік ауылдық округінің әкімі А.Алдамжаров Сүйіндік орта мектебінің ҰБТ-да төмен нәтиже көрсетуі жолдың аудан орталығынан шалғайлығына байланысты оқушылар жыл бойы байқау сынақтарына 1-2 рет қана қатысқанын, жол ақысының қымбатшылығын, балалардың келіп қонатын жері болмағанын айтып себептерін түсіндіруге тырысты. Бұған аудан әкімі Б.Шаяхметов кез келген нәрсені сылтауратпай, жұмысты басшы ретінде дұрыс ұйымдастыра білуге кеңес берді. Шортанбай жалпы орта мектебінің директоры Г.Юсупова, Крупская жалпы орта мектебінің мұғалімі Г.Зинетуллина тест кітапшалары жыл сайын қайталанатыны, келешекте оның жаңартылуы жөнінде ұсынысын ортаға салды. Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры Б.Сайыпов кеткен кемшіліктер бойынша алдағы оқу жылында педагогикалық ұжым болып жұмыстанатынын жеткізсе, ардагер ұстаз С.Рамазанов білім бастауыштан қаланатынын алға тартты. Ата-ана Б.Тілепова «U- Stady» тестілеу орталығында қызы 1 ай ғана оқығанын, осы қысқа мерзім ішінде одан үйренгені көп болғанын айтып, алдағы уақытта өзіміздің аудан орталығында ашу жөнінде ұсынысты қуана құптайтынын жасырмады.

Жиналысты аудан әкімі Б.Шаяхметов қорытындылап: - Сіздермен осындай ақылдасу, талқылау алаңында жиі кездесіп, ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдасақ, біз ауданымызда қалыптасқан келеңсіз жағдайды жоюға мүмкіншілігіміз бар. Осыған дейін Ұлттық бірыңғай тестілеуде жең ұшынан сыбайластыққа жол беріп, жалған көрсеткішке қанағаттанып келдік. Одан біз не ұттық?! Сол кезде оқыған баламыз шетелде білім алып, елімізге осындай пайда әкеліп жатыр дегенді естідік пе?! Ал шындығына келсек, баяғы жалған білім, мектеп пен инс-титуттан кейін ешқайда жарамай жатқанын жасыра алмаймыз. Сондықтан бүгінгі мектеп бітіруші түлектің тек сапалы біліммен ғана қарулануына, ол болашақ елді ұстайтын азамат екендігіне баса мән беруіміз қажет. Асыра бағалаумен алған білімді иемденген бала мектепті, жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін, өмірмен бетпе-бет жүздескенде ештеңеге пайдаға аспауда . Бұл өмірден алынып отырған ақиқат екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Біздің артымызда қалатын, қоғамымызды өсіретін, елдігімізді арттыратын басты байлығымыз – білімді ұрпақ. Міне, осыған ата-аналар, ұстаздар баршаңыздың бірігіп атсалысуларыңызды сұраймын. Қазір мемлекеттің қаржысы есебінен біліктілігін арттырып, білімін жетілдіріп отырған педагогтар бар. Ал осының қайтарымы қайда?! Қағаз жүзінде 80-90 пайызға орындасаңыздар, нақты көрсеткішке келгенде ақсайтын тұстарыңыз жетерлік. Нәтижесінде балаға берген білімдеріңіз төмен болып отыр. ҰБТ-да мектеп бітіруші еш көмексіз өзінің таза еңбегін көрсетеді. Оны біз алға қарай жетілдіріп, көтеруге ұмтылуымыз қажет. Алтын белгі иеленгендердің ішінде 48, 51 ұпай жинағандар кездесті. Осы жерде тағы да жоқ білімді қолдан жасағанның куәсі болып отырмыз. Сондықтан асыра бағалауды тоқтатуымыз қажет. Ал оның нәтижесі сан да бар, сапада жоқ мектепті, институтты бітіріп, әйтеуір бір жерде аман-есен жүрген баламызға шүкіршілік етумен шектеледі. Бүгінгі нарықтық заман біздің байлығымыз білімді ұрпағымызбен мақтануды талап етуде, - деп, саралау, зерделеу жұмыстарын жүргізетін бұл мәжіліс әрбір округте жалғасын табатынын қаперледі.

Айнагүл ШАКУПОВА.

Соңғы жаңалықтар

Жарнама

banerkzleft

Фотогалерея

Бейнебаян жаңалығы

Сауалнама

Жаңа дизайн ұнадыма?

Күнтізбе

Редакция

 
muratovaslan

Таңатар Дәрелов
- "Серпер" газетінің бас редакторы

kisimovaaru

Қанат Ғұмаров - бас редактордың орынбасары - жауапты хатшы


sharapidenovabilmazhan

Айбек Нәжімов
- 1-ші дәрежелі тілші


panaberdievserikbol

Айнагүл Шакупова
- 2 дәрежелі тілші


dauletiarzholaman

Иманкулова Айдана Қажымұханқызы
- сайтқа жауапты редактор

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 701 666 27 49     +7(7122) 45-85-21

banerkzbig