Ауданда онлайн оқу қалай болмақ?

(0 Votes)

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша COVID-19 вирусының алдын алу мақсатында бірқатар шұғыл шаралар қолға алынды.

Осыған орай, 6 сәуірден бастап мектептер төртінші тоқсанды қашықтан оқыту форматында бастайды. Балалардың қазір көктемгі демалысы жалғасуда. Ал мұғалімдер болса, оларды жаңа форматта оқытуға дайындық үстінде. Аудандағы мектептер, мұғалімдер мен оқушылар онлайн оқуға қаншалықты дайын? Балаларды қашықтан білім алу жүйесіне көшіру сапалы білім беру жауапкершілігін қаншалықты арттырады? Бұл бағдарда қай платформалар қолданылады? Бейнесабақтар өткізу үшін оқытушылар қандай технологияларды жүзеге асырады? Осы сұрақтар төңірегінде аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаевадан жауап алған едік. - Қашықтан оқытуға, оның ішінде білімді бағалаудың барлық түрлерін қашықтан жүргізуге ауыстыру – әлемді жайлап келе жатқан коронавирус індетінің таралуын тежеу үшін қабылданған нақты қадамдардың бірі екені шындық.

Онлайн оқуға мұғалімдердің жүйелік тәжірибесі жоқ екенін ескеретін болсақ, әрине, бұл оңай шаруа емес және бұндай жұмыс бұрын талап етілмеген. Десек те, сабақ барысында мұғалімдер цифрлық білім беру ресурстарымен, электронды оқулықтармен, электронды журнал жүйелерімен бұған дейін де айналысқан болатын. Сондықтан, бұның өзі оларға таңсық нәрсе емес, яғни, цифлық жүйеде жұмыс жасаудың қандай да бір тәжірибесі екені анық.

Сандық оқытудың әдістері, проблемалары, нәтижелері мен болашағы туралы бағдарлар білім саласындағы әрбір маманды бейжай қалдыра алмайды. Сондықтан қазір ауданымыздың педагогтары қашықтан оқытудың барлық тетіктерін жете меңгеруге қызу дайындалып, шығармашылық жұмыспен айналысу үстінде. Онлайн-форматтағы сабақтарды әзірлеуде.Олар бейне-сабақ, түрлі презентациялар, интерактивті дербес тапсырмалардан тұрады.Ең басты міндет – балаға стандартқа сай білім беру.

Ауданымыздағы білім ошақтарына келсек, олардың саны – 33. Оқушылар контингенті 10 325 баланы құрайды. Онлайн форматқа көшу үшін ең біріншіден біз мектеп директорларымен ZOOM платформасы арқылы 2 рет конференция өткіздік. Онда басшылардың жауапкершілігі, мұғалімдерге берілетін тапсырмалар жөнінде түсінік жұмыстары жүргізілді. Барлық білім беру ошақтарының әлеуметтік жағдайы қайтадан зерделенді. Әр оқушының интернетке, компьютерге қолжетімділігі анықталды. Әлеуметтік қорғауды қажет ететін отбасыларға мектептің компьютер, ноутбуктарын беруді қамтамасыз етеміз. Жасыратыны жоқ, кейбір үйлерде интернет байланыс та жоқ. Бұл жерде біз жас мұғалімдер, еріктілермен жұмыс жасауды жөн көріп отырмыз. Яғни, қазіргі уақытта барлық мұғалімдер 1-11 сынып аралығындағы меңгерілуге тиісті пәндер бойынша оқушыға берілетін білімді, пысықтау негізінде ұсынылатын тапсырманы, нұсқамаларды біріктіріп құрастыру үстінде. Алдағы уақытта бұл жалпы чатқа салынады және педагогтарға негіз ретінде таратылады. Әр оқытушы осыны басшылыққа алып, өзінің сабағын толықтырады. Содан соң, бұл материалды еріктілер арқылы мүлдем интернеті жоқ отбасылардың балаларына таратады. Екі аптада бір рет тапсырмалар беріліп, одан кейін кері байланыс жасалып, жұмыстар бағаланады. Сол бағалардың барлығы мониторингіленеді деп жоспарлап отырмыз.Онлайн сабақтардың ұзақтығы – 15-20 минутты құрайды. Бұл жерде тақырыптың негізгісі ғана ұсынылады, пысықтау бойынша тапсырмалар беріледі, оны жүктеген оқушылар кері байланысқа шығады. Балаларға қосымша ізденіп, білімін толықтыру үшін сайттарға сілтемелер жасалады.

Барлық мектептер бойынша қашықтан оқытудың жауапты адамдары тағайындалды. Білім ошағының директорларына интернеттің қалыпты жұмыс жасауына жағдай жасау жөнінде тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, бүгінгі күні шығармашылықпен айналысып отырған ұстаздардың топтары айқындалды. Қазіргі таңда көптеген мектептер өздерінің сынама сабақтарын өткізіп көрді. Қиындық келтіретін ең басты мәселе – барлық сыныптағы оқушылар бір мезгілде конференцияға қосылғанда, интернеттің жылдамдығы азайып кетуде. Бұл жөнінде «Қазақтелеком» мекемесіне ескертіп жатырмыз. Қыр бойындағы 8 мектептің де жағдайы көңіл көншітерліктей емес. Батырбек, Қоңыртерек, Азғыр мектептері оқушыларының саны 80-ге толмайды. Әзірше оларға қалыпты сабақ процесін жүргізу жоспарда бар. Қалған білім ошағында интернет болғаныменен, жеке тұрғын үйлер байланыспен қамтылмаған. Сондықтан, ондағы қашықтан оқыту толықтай еріктілер арқылы жүзеге асады деп отырмыз.

«Балапан» және «Еларна» отандық телеарналары арқылы сабақ өткізілетіні де ұстаздар қауымына үлкен көмегін тигізді. Телеарна арқылы оқитын сыныптардың уақыт кестелері де белгіленді. Біз оны мектептерге таратып бердік. Бұл жерде әр сыныпта 20 минуттан сабақ жүреді. Бүгінде 200-ге жуық сабақ түсіріліп, дайындалған, - дейді бізге берген сұхбатында аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Өтемісқызы.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521