Жаны ізгілер жан жадыратады

(1 Vote)

Мақаш ауылдық округінде жастардың ұйымдастыруымен қайырымдылық шарасы өтті.

Ә.Сәрсенбаев атындағы орта мектептің спорт залында өткен волейбол ойынына қатысушы 1993,1994,1995,1996,1997 жылғы жастар, мектеп мұғалімдері, ауыл жастары командаларының ойыншылары, округ әкімі Болат Мұфтахов, мектеп директоры Данияр Сабиров пен көрермендер арнайы қойылған жәшікке қайырымдылық көмекке арналған қаражаттарын салды. Ол округтегі аз қамтылған, жағдайы төмен отбасыларына азық-түлік, киім-кешек алып беруге жұмсалады.

img_7126

Шараның ашылу салтанатында округ әкімі Болат Зейнетоллаұлы сөйлеп: – Ауылымыздың жастары үнемі осылай қамқорлық жасап жатасыздар. Біздер аға буын сіздерге ризашылығымызды білдіреміз. «Бауыры бүтін адам жоқ», дегендей басына қайғы түскендерге де көмектесіп жүрсіздер. Осыдан бірер жыл бұрын ауылдың бір азаматына үй салып бергендеріңізді де білемін. Онда бүгін қатысып тұрған жастардың да қолтаңбалары болуы керек. Бүгін де өздеріңіз бастама көтеріп, бірлесіп жақсы шара ұйымдастырып отырсыздар. Кейінгі жас буынды да осындай қайырымдылыққа, жақсылыққа үйретулеріңізді сұраймыз, - дей келе шараны ұйымдастырушы ауыл жастары Жақсылық Махуовқа, Серік Мақсотұлына, Елдос Рабилұлына алғыс хаттар табыстады.

img_7134

Келесі кезекте осындай жылы лебіздерін ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кендебай Қайыров, Ә.Сәрсенбаев орта мектебінің директоры Данияр Сабиров жеткізіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ашылу рәсімі аяқталғаннан кейін волейбол додасы басталып кетті. Алғашқы ойын 1993 жылы туған жастар мен мектеп оқушыларының командасы арасында өтті. Ұйымдастырушылардың бірі, ауылдық округтің спорт нұсқаушысы Жақсылық Махуовпен әңгімелескенімізде: – Бір жағынан бұл жастарымыздың өзара ынтымақтастығын арттырады. Қажет кезде бір-біріне, айналасындағы мұқтаж жандарға қол ұшын беруге тәрбиелейді. Биылғы қайырымдылық шарасын ауылымыздың 1996 жылы дүниеге келген жігіттері аз қамтылған, көп балалы отбасыларына көмектесу мақсатында ұйымдастырып отыр. Осымен шектеліп қалмай қайырымдылық шараларын алға қарай ай сайын өткізу ойымызда бар. Бүгін ол волейболдан жарыс болса, келесісі футбол, баскетбол және басқа да спорт түрлерінен өтуі мүмкін. Оларды әр жылы дүниеге келгендер өздері ұйымдастырады, - деді.

img_7148 

Жарыс қорытындысымен жақсы ойын көрсетіп, дара шыққан 1995 жылы туғандар командасына І орын тиді. ІІ орын 1996 жылы туғандардан құрылған команданың еншісінде. Ал, мектеп оқушылары командасы ІІІ орынды иеленді.

Соңында Ә.Сәрсенбаев орта мектебінің директоры Д. Сабиров жеңімпаздарға дипломдар мен кубоктар, қатысушыларға алғыс хаттар табыс етті. Мақаштық жастардың бұл үлгісі өзге округтерде де жалғасын тапса дейміз. P.S.Енді олар «Серпер», «Атырау», т.б. мерзімді басылымдарға жазылуды да нәтижелі ұйымдастырамыз деп отыр. Ұйымшыл ауыл жастарының жүзінен қуаныш нұры арылмаса екен.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521