Жайлы жол, жайдары жүргізуші көзден бал-бұл ұшты

(0 Votes)

Жақында ғана аудан орталығындағы жаяу жүргіншілер өткеліне беттеп бара жатсам, бір көлік тоқтап өткізіп жіберудің орнына жоғары жылдамдықпен алдымды кесіп өте шықты.

Бұл және басқа жерде емес дәл орталықтағы көшеде. Жол бермегені өз алдына әлгі жүргізуші маған: «Келе жатқанымды көріп тұрсың ғой. Қайда барасың алдыма тұра шауып» дегендей рөлде отырып қолын сілтеп қояды. Негізі жолда жүру ережесінде «Жаяу жүргіншілер өткелінен өтерде жан-жағыңызға қарап, қауіпсіз екенін көз жеткізіңіз», деп жазылғанын оқығанмын. Ережені жасағандар осындай есалаңдардың да кездесетінін ескерген ғой.«Менікі дұрыс, осы жерден өтуге тиіспін», деп тіке тартқаныңызбен жолда жүру ережесінен хабары жоқ жаңағыдай жастар барын да естен шығармаған жөн. «Сақтансаң, сақтармын», деп текке айтылмаған. Оның ештеңесі кетпейді, сотталар немесе айыппұл төлер, сіз мүгедек болып қалуыңыз, өліп те кетуіңіз мүмкін. Ол жерде менің қателігім ұялы телефоныммен бейнетаспаға түсіріп алып «Телеграмм» әлеуметтік желісіне жүктеп, полиция орындарынан шарасын алуын сұрауым керек еді. Қазір халық сауатты, Атырау қаласында көп адамдар солай етіп те жатыр. Айыппұл салынып жатқан жүргізушілер де бар. Біздің ауданның көшелерінде бейнекамералар жоқ болғандықтан осылай еткен де дұрыс. Сонда ғана бетімен кеткен кейбір жүргізушілер сабасына түседі.

Жасыратыны жоқ қазір шала сауатты жүргізушілер жеткілікті. Рөлді ұстауды білгенімен жол ережесінен хабарсыз. Тіпті ондай кітап барын естімеген де сияқты. Сонысымен қоймай қатты жүреді. Кейбірі мектептерде сабақ беретін жас ұстаздар екенін де білеміз. Тәртіпті өзі сақтамаса шәкіртіне қандай тәрбие беріп жүр екен деп ойланасың. Тағы бір мысал аудандық полиция бөлімінің көші-қон бөлімшесі алдынан қозғалған көлік жан-жағына қарамай, қыздырған бойда жолға атып шықты. Жолдың екі жағынан келе жатқан автокөліктер тоқтап, әлгінің кейін шегініп өз бағытына түсуіне жағдай жасады. Олардың орнында басқа біреу болып қатты келе жатса ше? Енді бірде жүргізуші қарсы келе жатқан көлікті көре тұра біз мінген таксиді басып озды. Сөйтіп, апатты жағдай туындатты. Мұндай мысалдар көптеп кездеседі. «Жол мұраты - жету», о дүниеге кету емес. Сізді де, бізді де үйде күтіп отырған адамдар бар. Сол адамдар өз отағасының немесе баласының, қызының біреуді қағып түрмеден бір шыққанын немесе зардап шеккен жанға бала шағасының аузынан жырып қыруар қаржы төлегенін қаламайтын шығар. Осыны ескерейік, қадірменді жүргізушілер. Қатты келе жатып рөлді игере алмай қалып аударылғандар, жол шетіндегі аялдамаға соғылып, онда тұрған адамдардың өмірін қиғандар, бір-біріне соғылғандар жайлы жиі еститін болдық. Куәлікті сатып алғандардың кесірінен тәжірибелі жүргізушілер де өмірден озып жатады. Бұған дейін селекторлық түрде өткен облыс әкімі жанындағы құқық бұзушылық жөніндегі комиссияның отырысына қатысқанымызда автокөлікті жүргізуге оқытатын мектептердің жайы сөз етілді. Орынды мәселе. Қазір ақшаң болса куәлікті оқымай да ала салуыңа жол ашық.

Қалыптасқан жағдайдан шығу жолда жүру ережесін қатаңдатуда ғана емес. Бүгінде ол қолға алынып жатырғаны өздеріңізге мәлім. Басты нәрсе, өзіңнің және өзгелердің өміріне үлкен жауапкершілікпен қарау. Сонда ғана көп нәрсе түзелері анық. «Асыққан жетпес, бұйырған кетпес», деген дана бабаларымыз. Былтыр Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан жол апаты жөнінен әлем бойынша алғашқылар қатарында екенін жеткізді. Ұйым таратқан мәліметте жыл сайын елімізде жол апаты салдарынан 3 мыңға жуық адам қайтыс болып, 3 мың 500-ден астам адам жарақат алып, зардап шегетіні келтірілген. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің деректеріне сүйенсек 2018 жылдың 6 айында ғана 6703 жол оқиғасы орын алып, 780 адам көз жұмса, 2019 жылдың осы мерзімінде 15 821 жол апаты болып, 7069 адам қаза тапқан. Өлім көрсеткіші жағынан Түркістан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Атырау, Қарағанды облыстары алдыңғы орында. Мұндай мезгілсіз өлім, қыршынынан қиылған тағдырлар бізге сабақ болса дейміз. Қазір заң талабы күшейтіліп отыр. Бұрын кісі қақса ақша төлеп құтылатындар, енді бірнеше жылды арқалап, темір тордың арғы жағына тоғытылады. Сондықтан әрбір жүргізушіден өзгенің өмірін қиып, өзінің тағдырын тәлкекке салғысы келмесе жолда жүру ережелеріне құрметпен қарауын сұраймыз.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521