Заңсыз шеру мәселені шешпейді

(0 Votes)

Қазір Қазақстан жылдан-жылға ілгері басып, өркениеттің дамыған елдерінің қатарынан табылуға беттеп келеді.

Қалалар мен ауылдардың жағдайын осыдан отыз жыл бұрынғымен салыстыра алмайсың. Қай салада да ілгерілеу көзге ұрады. Мұның бәріне біз Тәуелсіздік жылдарында, еліміздегі ынтымақ пен бірліктің арқасында жеттік. Барлық қиындықты Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен жеңдік. Қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуды ту етіп ұстап отыр. Демек, алдымызда Қазақстанды өркендету жолында атқарар қыруар жұмыстар тұр. «Бірлік бар жерде тірлік бар», дегендей оның бәрін біз бірлесе қимылдасақ қана жүзеге асырамыз.

Қазақ «Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында», дейді. Біздің осылай тып-тыныш дамып келе жатқанымызды көре алмайтын сыртқы күштер жеткілікті. Олардың бар мақсаты халықтың жағдайын көтеру емес, еліміздегі тұрақтылықты шайқалту, берекесіздікке соқтыру. Күні кеше ғана халықтың қаржысын ұрлап сыртқа кеткендер ол жақта үнсіз қалмайды. Бірлігімізді бұзғысы келетін күштердің қолшоқпарына айналады. Халықтың мүддесін емес, қара басының қамын ойлайтындар, өздерін биліктің төрінен көргісі келетіндер ел ішінен де табылады. «Іштен шыққан жау жаман», дегендей осындайлар халықты 22 ақпанда заңсыз шеруге шақырып үгіт-насихат жүргізуде. Мақсаты жастарды арандату, тұрақтылықты шайқалту. «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылды», дегендей олардың ештеңесі кетпейді. Айтқандарына ерген жазықсыз жандар ғана жауапкершілікке тартылады. Қандай мемлекет те өзінің ішкі тыныштығын бұзуға жол бермейтіні айдан анық нәрсе. Дамыған елдерде де заңсыз шеруге шыққандарға күш қолданатынын өздеріңіз теледидардағы хабарлардан көріп жүрсіздер.

Менің айтайын дегенім заңсыз шеруге шығу ештеңені шешпейді. Ел билігі туындаған мәселелерді халықпен және барлық құрылымдық күштермен диалог арқылы шешуге дайын. Мұны өздеріңіз ақпарат құралдары арқылы оқып, көріп отырсыздар. Көтерілген мәселелер біртіндеп шешімін табуда. Бүгінгі күні біз үшін ең маңыздысы еліміздегі тыныштықты сақтау. Қашан да бар нәрсені бүлдіру оңай, қайта қалпына келтіру қиын. Тұрақтылық бір кетсе, бүтіндігімізден айырыламыз. «Бас-басына би болған өңкей қиқым, мінекей бұзған жоқ па елдің сиқын», деп данышпан Абай айтқандай көрінгеннің жетегінде кетпейік ағайын. «Тоқал ешкі мүйіз сұрап, құлағынан айырылыпты», дегендей, тыныштықты шайқалтсақ, ертең оның зардабын шегетін арандатушылар емес, өзіміз. Бірлігіміз бекем болып, тыныш та бақытты ғұмыр кешіп, кешегі бабаларымыз қалдырған игіліктің қызығын көрейік.

Мырзабек Ғазизов,

еңбек ардагері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521