Әулием, дін-иманның бұлағы едің

(0 Votes)

Қазақстанның Халық емшісі, қасиетті бабаларының заңды мирасқоры, ел-жұртына шапағаты молынан тиген, «Батыр АНА» Дәметкен Серікбайқызы мәңгілік тыныс тапты.

Ей, ажал, артық көрдің мұнша нағып,

Дәл тапты жүректерді мұң садағы.

Ақ жүзі шаң көрмеген жан апаны,

Қайтіп-ау, топырақпен тұмшаладық.

Тау болды толқын-толқын мұңды көбік,

Мәз едік әулие Ана-күнді көріп.

«Саздының» сазды мынау биігіне,

Ағайын, жатырсыңдар кімді көміп?

Десек те, шырағы бар маздар әлі,

Жоқ шығар келген жұрттан аз жаралы.

Даңқыңды дәуірлеткен осы ана ғой,

Бауырыңа неге қыстың «Сазды» аралы?

Ауадай ел-жұртына керек еді,

Емі де, мейірімі ерек еді.

Алдына сырқат келсе, арпалысып,

Беймәлім, сұмдық азап шегер еді.

Тоқ едің толғандай бір айранға ұртың,

Уайымсыз салып жүрдік сайран дүркін.

Көз көрді, қайғы бұлтын сәлде қылдың,

Баршаңа көңіл айтам, қайран жұртым!

Дәм-Ана, сол «Саздының» иесі еді,

Әулие бабалардың киесі еді.

Жамағат, біз не істейміз енді Анаға,

Әлі де жан қысылса тиер себі.

Жан едің, мынау жалған, жұртыңа әйгі,

Туған жер есі ауғандай тұнжырайды.

Қыздарың ботадай боп боздап қалды,

Құлын-ұл қылбұрауда шұрқырайды.

Арты осы он бір ұрпақ өсіргеннің,

Олар бар, көрмес те Ана, көшің кемдік.

Бірақ та, жұртың жүдеп қалғаны анық,

Көшер ме, жер бауырлап көсілген мұң.

Әулием, дін-иманның бұлағы едің,

Алланың жерде тыңшы, құлағы едің.

Тірегің – Өсер ағам ұлы өлгенде,

Еңкілдеп бұл жолғыдай жылап еді.

Қасиеттім, алды болжап қауіпті елер,

Қай құдірет енді өзіңді тауып берер.

Алыстан ақ кесенең мұндаласа,

Ел-жұртың із құрғатпай тауып келер.

Кешірдің, шідерді үзіп артық кетсем,

Айдын ең, ақ шағалам қалқып жеткен.

Анамнан қалған асыл мейірімді,

Өзіңсің, әулие Анам сарқып кеткен.

Төгермін сағынғанда ақ сырымды,

Бейуақта үзгендей кеп жат жұлынды.

Елім деп еміренген есіл Ана,

Жерге емес, бір Аллаға тапсырылдың.

Таңатар Дәрелұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521