Шалғайдағы ауылда жаңа мектеп

(0 Votes)

Сүйіндік ауылдық округіне қарасты Жалғызапан ауылында заманауи үлгідегі жаңа мектеп пайдалануға берілді.

Бұл елді мекен аудан орталығынан үш жүз шақырымның үстінде қашықтықта, жол қатынасы қиын шалғайда жатыр. Осындағы қос қабатты, құрылысы 2016 жылы басталған Лабай орта мектебінің жаңа ғимаратының ашылу салтанатында аталған білім ұясының директоры Күнсұлу Акмалиева сөйлеп, ұстаздар мен оқушылар барлық жағдай жасалған жаңа мектепке көшкендері үшін қуанышты екенін жеткізді.

Құттықтау сөзінде аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров: -  Өкініштісі, ауа райына байланысты бүгінгі салтанатты шараға осы мектептің құрылысын жүргізген мекеменің басшылары келе алмай жатыр. Өздеріңізге мәлім, Президентіміздің алға қойған міндеттерін жүзеге асырған облыс басшылығы ауданымыздағы шағын елді мекендерде жаңа оқу орындарын салуды қолға алып, қаражат бөлуде. Былтыр 1 қыркүйекте 300 орындық Гагарин орта мектебі ашылса, бүгін 80 орындық Лабай орта мектебі пайдалануға берілді. Тағы осындай 2 мектеп биыл бітеді. Жалпы білім саласының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында қомақты қаржы бөлініп, 2013 жылдан бастап Азғыр өңіріне қарасты 9 елді мекендегі мектептер, балабақшалар, мәдениет үйлерінің бәріне де толықтай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оларға түрлі кабинеттер, оқу құралдарын, кітаптар сатып алуға біраз қаражат жұмсалды. Қазір Азғыр өңіріне газ желісі де жетті. Енді оны осындағы ғимараттар мен тұрғын үйлерге қосу басталады. Мектептің құрылысын 325 млн. теңгеге жүргізген «Атырау ЖБИ» ЖШС өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарап, уақытында аяқтап, қажетті құралдармен жабдықтап, сіздерге тапсырып жатыр. Оқушыларға айтарым, сабақты жақсы оқып, ауданымызда жетіспейтін мамандардың орнын толтырып осы жерге келіп жұмыс жасаңыздар, - деді.

Жаңа мектеп қыр бойының жауһар тәжіндей көрініп, асқақтай көз тартады. Мұнда соңғы үлгідегі биология, химия, физика, лингофон кабинеттері, спорт залы, медбике бөлмесі, асхана, акт залы және басқалары бар. Заман талабына сай әр кабинетке ыссы және салқын су, кәріз құбыры тартылған. Ер балалар мен қыздардың жуынатын бөлмелері бөлек, қос қабатта да әжетханалар орналасқан. Бізге ұнағаны ер балалардың еңбек кабинеттерінде темір жонатын станоктер, басқа да қажетті құралдар орнатылса, қыз балалардың еңбек бөлмесінде оқушылар іс тігетін машинамен жұмыс жасап жатты. Құм ортасында орын тепкен ауылда мұндай мектептің бой көтеруі Елбасымыз жүргізген көреген саясат пен Тәуелсіздігіміздің тәтті жемістерінің бірі деп есептейміз. Халыққа қуаныш сыйлар, ел игілігіне қызмет етер осындай ғимараттарымыздың қатары көбейе берсін!

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521