Үш күнде 2 200 000 теңге жиналып, баспаналы болудың бақыты бұйырды

(0 Votes)

Биыл елімізде еріктілер жылы басталды.

Бұл әрине, жомарт жүректі жандар үшін жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Ауданымызда ізгілігі мен мейірімі терең, қайырымы мен адамгершілігі мол «Құрманғазы қайырымдылық қоры» еріктілер қозғалысы құлағанға демеу, қиындыққа ұшырағандарға қол ұшын созып келеді. Құрылғанына үш жыл ғана уақыт өтсе де талай шарапатты жұмыстардың басы-қасынан табылады. Мұқтаж жандарға тұрақты көмек көрсетуді де назарда ұстап, қайырымдылықтың қайнар көзіне айналды. Өздерінің ізгілікті істері арқылы олар қоғамдағы жастарды, яғни замандастарын имандылыққа тәрбиелеуді басты бағыт етіп ұстанады. Қор құрамындағы 15-ке жуық ерікті көмекке мұқтаж адамдарды азық-түлікпен, киім-кешекпен тұрақты қамтамасыз етіп келсе, енді жағдайы қиын отбасыларға баспана сыйлауды қолға алды. 2019 жылы олар ауданымыздың екі отбасына асарлатып тұрғын үй салып беріп, қуанышқа бөледі. Еріктілердің бұл жолғы әрекетіне үлкен-кіші де риясыз алғыстарын білдіріп, жабырқап жүрген көңілдері жадыраған еді. Олар алдағы уақытта да бұл игілікті істерін лайықты жалғастырып, дәстүрге айналдыруды көздейді.

Күні кеше тағы бір жағымды жаңалықтан хабардар болдық. Қор еріктісі Жастілек Оңашевтің айтуынша, қиын жағдайға тап болған Орынай апаға дереу көмектесуді ұйғарып өздерінің бастамаларымен «Жақсылықта жарысайық!» атты шара ұйымдастырған.Нәтижесінде олардың шотына үш күннің ішінде 2 200 000 теңге қаражат түскен. Еріктілер бұл қомақты сомаға келетін баспананы да тауып қойыпты.Енді үйдің құжаттары рәсімделіп, заңдастырылғаннан кейін оны алдағы қасиетті жұма күні табыс етілетіні хабарланды. Еріктілер қозғалысының мүшелері өздеріне қолдау білдіріп, мейірімділік танытқан барша жандарға зор ризашылықтарын білдіреді.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521